Бүгін — Халықаралық қыздар күні
11 қазан - Халықаралық қыздар күні.
Алматы, NEGE. 2011 жылы 19 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 66/170 қарарын қабылдап, қыздардың құқықтарын мойындау, олардың бүкіл әлемде кездесетін ерекше қиындықтарын атап көрсету, қыздардың жалпы адами құқықтарын сақтау, соның ішінде – тең білім алу және физикалық тәуелсіздікке қол жеткізуді жүзеге асыруды насихаттау мақсатында қазанның 11 жұлдызын Халықаралық қыздар күні деп жариялады.
Осыдан 25 жыл бұрын Бейжіңдегі Әйелдер құқығы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференцияда жаһандық қоғамдастық әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтудің ең көреген жоспарын – Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл тұғырнамасын қабылдады.
Осылайша қазіргі уақытта қыздар өздерінің бейбіт және гүлденген болашағын құру үшін осы жоспарды ұстанып, әрекет ете алады. Бейжің декларациясын еске алу үшін «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы бірнеше ұрпақтар толқынын қамтитын «Теңдік буыны» науқаны аясында әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғаушыларды біріктіреді. Жасөспірім қыздардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне байланысты нақты мақсаттар мен іс-шаралар және олардың шешімдері ұрпақтар теңдігін қамтамасыз ету миссиясының басты бағыты.
Қыздар үй ішінде және қоғамда зорлық-зомбылықсыз өмір сүруді талап етеді. Ондай жағдайды қамтамасыз ету – барлығымыздың міндетіміз. 2015 жылғы Қазақстандағы кластерлік зерттеу мәліметтері бойынша, қыздардың 50% зорлықты тәрбиеге душар болуда. Оның ішінде 21% – дене зорлығы, 45% психологиялық агрессияға ұшырайды.