26 Маусым 18:01
...

«БЮДЖЕТТІ ай сайын қадағалап отырамын» – ҰЛЫТАУ облысының әкімі сұрағымызға жауап берді

Фото:

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен Ұлытау облысында көшпелі баспасөз мәслихаты өтті. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы баспасөз мәслихаты барысында журналистердің сауалдарына жауап берді. 

Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының аудиторлық қорытындысы бойынша 5,2 млрд теңгенің заң бұзушылықтары анықталып, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдеріне бюджет қаражатын негізсіз және тиімсіз пайдаланғаны үшін шара қолдану ұсынылған болатын.

NEGE тілшісі Ұлытау облысының әкімінен осы мәселеге қатысты бюджет қаражатын негізсіз және тиімсіз пайдаланған әкімдерге қандай жаза қолданылғанын  сұрады. 

Фото: ОКҚ

«Комиисия алдыңғы жылдарды да қарап, тексеріс жұмыстарының нәтижесін жариялады. Анықталған деректер тиісті органдарға, соның ішінде прокуратураға берілді. Олар барлығын тексеріп, кейін өз шешімдерін шығарады. Қазір нақты тексеру жұмыстары жүріп жатыр», – деп жауап берді Ұлытау облысының әкімі. 

Брифинг барысында техникалық ақауларға байланысты тілшіміз сауалын нақтылап қоя алмады. Сол себепті әкім осы сұрақ бойынша жауабын жазбаша жіберді. 

«Ұлытау облысы прокуратурасының заң бұзушылықты жою туралы ұсынуларында көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берген тұлғалар ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген жауабында. 

Тексеру комиссиясы бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану бойынша облыста кемшілік көп екенін анықтап, «жергілікті атқарушы органдардың, жекелеген әкімшіліктер тарапынан тиісті мониторинг пен бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр» деп қорытынды жасаған. Сол себепті тілшіміз Берік Әбдіғалиұлынан Облыс әкімі ретінде бюджетті қаншалықты қадағалап отырғанын сұрады. 

«Ай сайын бюджеттің игерілуі бойынша ақпаратты қараймын. Жыл қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайтын боламыз», – деп жауап берді облыс әкімі. 

Тегтер: