26 Желтоқсан 12:50
...

Будда Гриша: Есболат, қызғаныш - жаман әдет

Фото:

Ресейлік блогер Будда Гриша Димаш Құдайбергенді жөнсіз сынаған Есболат Беделханға жауап берді

Алматы, NEGE. Димаш Құдайбергеннің Америкалықтарды аяғынан тік тұрғызып, «Балбырауын» күйімен жиналған көрермендердің қошеметіне бөленгені баршамызға аян. Алайда, әлем сахнасын бағындырған әншіні қазақтың қара домбырасымен өнер көрсеткені үшін «Орда» тобының мүшесі Есболат Беделхан сынға алған болатын. Айта кетейік, Ол Facebook желісіндегі парақшасында: «Димаш басқа елдегі концерттерде бекер домбыра шертеді», - деп жазған.  Есболаттың бұл ойын толық түсінбеген оқырмандар түрлі пікірлерін де қалдырды.  Олардың қатарында «Ринго» тобының продюсері Алуа Қонарова бар. Ол: «Неге? Маған керісінше, домбырамен орындаған күй қатты ұнады. Қазақи рухым жігерлене түсті», - деп ойын білдірген еді.

Өз кезегінде, Есболат Беделхан  Алуа ханымға мұнымен не айтқысы келгенін түсіндірген. «Әлемде тыңдармандар Димашты жақсы көреді. Оның дәстүрі үшін емес, оның өнері үшін. Меніңше, ол бір ғана нәрсемен айналысуы керек. Жанкүйерлер домбыра мен шапансыз-ақ осылай қуанышты бола алады», - деген. Алуа ханымға ұзын сонар жауап жазған Есболат Қазақстанды жарнамалау - қазақтардың қуанышын, мақтанышын және көңілінің толуына ғана жетіп отыр деп санайды екен. Әркімнің өз пікірі бар, дегенмен, өнер арқылы ұлттық құндылығымызды ұлықтасақ, оның несі айып болмақ? Елімізде Есболат Беделханның жазбасына қарсы жауап бергендер табылмағанымен Ресейдегі блогер Будда Гриша «Масқара жазбаңызды өшіріңіз», - деп Есболатқа жолдама жіберді.

«Есболат, қызғаныш - жаман әдет. Бір кездері ұжымдарыңызбен танымал болсаңыздар да,  Димаш Құдайбергеннің бүкіл әлемде танылғанына, бүкіл әлемге домбыраның не екенін көрсеткеніне қуануларыңыз керек. Домбыраны өз басым Димаштан білдім. Димаштың арқасында Қазақстанда не болып жатқанын білдім. Димаштың арқасында шапан деген не екенін білдім. Шапан киіп, домбыра шертуі өзінің Қазақстаннан екенін көрсетуі ғана емес, тіпті көрсетсе қайтеді екен? Несі жаман? Ұлттық музыкалық аспапты насихаттап отыр емес пе? Америкалықтар домбыраның не екенін, шапанның не екенін білмеген де шығар. Олар қызығып, үйінде оқи бастайды ғой. Қуану керек қой, бұл деген тамаша емес пе?!», - деген ол Есболат Беделханға жазбасын өшіріп, басқа жазба жариялауға кеңес берді.

«Фейсбукте масқара болған жазбаңызды да өшіруіңіз керек. Керісінше қара домбыраны әлемге танытқаны үшін мақтанышпен жазуыңыз керек. Себебі Димаш мен білген 2019 жылы Қазақстанды барлығынан асып түсіп насихаттады. Астанаға 64 елден тыңдармандары ағылып келді. Америкада 50-ден аса штаттан адамдар келді. Бұдан артық не керек? Бүкіл концертінде домбыра шертіп, шапанмен тұрса, өз басым риза болар едім. Ол барлық қазақстандыққа жақсылық жасап жатыр. Елді әлемге танытып жатыр. Жуырда Айсұлтан Сейітовтің клипін көрдім. Өте әдемі. Клипті көптеген адам Димаштың арқасында тамашалағанын білесіздер ме? Сондықтан, қазір Ресейден бүкіл әлемді таңғалдыратын әнші шықса, елдің бәрі Ресейге қызыға бастаса, туризм дамымайды деп ойлайсыздар ма? Димаштың қазақ халқының жоғары мәдениетін көрсетіп отырғанын түсінесіздер ме? Бұл өскелең ұрпаққа өте маңызды, Есболат, ұмытпаңыз!», - дейді. Сонымен қатар, белгілі блогер Будда Гриша Димаштың өнеріне тәнті болғаннан кейін Қазақстанға келгісі келетінін тілге тиек етті. Әлеуметтік желідегі оқырмандар видеоблогерді қолдап, алғысын айтуда.

 

Тегтер: