USD
USD
USD

Бірінші сыныпқа баратын балалардың 71%-ы қазақ тілін таңдаған

Қазақстанда жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданады. Мектепке қабылданған балалардың 71%-ы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. 

Мектеп
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Министрліктің мәліметінше, болжамды көрсеткіштің 84%-ы, яғни 320 мыңға жуық бала мектепке қабылданып үлгерген. Оның ішінде 296 мыңға жуығы – мемлекеттік, 23 мыңға жуығы – жекеменшік мектептерге қабылданды.

Қалалық мектептерге шамамен 191 мың, ауылдық мектептерге 128 мың бала қабылданған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданды.

Бірінші сынып оқушылары ең көп күтілетін аймақтар:

  • Түркістан облысы – 50 мың; 
  • Алматы облысы – 35 мың;
  • Астана – 33 мың;
  • Алматы – 31 мың; 
  • Шымкент – 29 мың.

Оқу-ағарту министрлігі бұл көрсеткіштерді өңірлердегі халық саны мен бала туу деңгейінің жоғары болуымен түсіндірді.

«Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде білім беретін сыныптарды, 26%-дан астамы орыс тілінде білім беретін сыныптарды, тағы шамамен 2,5%-ы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдады. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы мемлекеттік тілде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік ата-аналарға бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды белгіленген мерзімде рәсімдеуге кеңес берді. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан немесе eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.

Қазір оқып жатыр

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жеңімпазға қатысты дауға нүкте қойылды

жеңімпаз

Қазақстанның кей өңірінде сифилис инфекциясының таралуы көбейген

Дәрігер

«Центр плова Loft» ісі бойынша сот Ақмола облысы әкіміне жеке қаулы шығарды

блогер соты

Қарағандыда оқ жарақатын алған ер адам мен әйелдің мәйіті табылды

Полиция