31 Қаңтар 17:18
...

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу не үшін керек?

Сағат
Фото: Фото: gov.kz

«Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу тұрғындардың ұсынысы», – деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрі. Бірақ министр қанша адамнан ондай ұсыныс түскенін айта алмады.

Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы қаулы қабылдап, 1 наурыздан бастап Қазақстан халқы жаңа уақыт белдеуімен жүреді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ұсынысы Қызылорда мен Қостанай облысы тұрғындарынан түскенін айтып отыр.

– Олар биыл емес, былтыр емес, одан бұрын да ұсыныс айтқан. Сондықтан біз сараптама жасадық, – дейді Арман Шаққалиев.

Шаққалиев
Фото: gov.kz

Алайда министр нақты қанша адамнан мұндай өтініш түскенін білмейді. «Себебі ондай есеп жүргізбеймін» дейді. Екі облыс тұрғындарының өтінішімен бүкіл Қазақстанда уақыт белдеуін өзгертудің не үшін керек екенін Сауда және интеграция министрі былай түсіндірді:

– Елімізде 15 млн адам өз уақыт белдеуінде өмір сүріп жатқан жоқ. Мысалы Астана UTC+6-мен өмір сүріп жатыр. Бірақ біздің уақыт негізі UTC+5, – деді А.Шаққалиев.

Министр Шаққалиев елде уақыт белдеуін ауыстыру бойынша еліміздің алпыстан астам институты зерттеу жүргізгенін айтты.

– Олар ең алғашқы зерттеулерін 2006 жылы жүргізіп, отандық Денсаулық сақтау министрлігіне өткізген. Соңғы зерттеуді өткен жылы сәуірде жұмыс тобы өткізді. Ал желтоқсан айында қорытындысы дайындалды, – деді министр.

Айта кетейік, Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім халық арасында жаппай сауалнама жүргізу немесе жұртшылықтың пікірімен санасу арқылы жүзеге асқан жоқ, алдын ала түсіндіру жұмыстары да жүргізілмеді. Бұл елдің түсінбеушілігі мен наразылығын тудырды.