USD
USD
USD

Бірыңғай QR-ға қатысты сыннан кейін Ұлттық банк түсіндірме берді

Бірыңғай QR жүйесі іске қосылғаннан кейін кәсіпкерлер комиссия мөлшері мен тарифтердің ашықтығына қатысты наразылық білдірген еді. Осыған байланысты Ұлттық банк жаңа төлем жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және комиссияның қалай қалыптасатынын түсіндірді.

Ұлттық банк
Фото: Ұлттық банк

Астана, NEGE. 19 шілдеден бастап Қазақстанда Бірыңғай QR-код негізіндегі банкаралық төлем жүйесі іске қосылды. Алайда кәсіпкерлер жүйенің комиссия мөлшерінің жоғары болуы мен тарифтердің қалыптасуына қатысты наразылық білдіре бастады.Тіпті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төрағасы Мадина Әбілқасымованы қызметінен босатуды талап еткен петиция жарияланып, онда комиссияны 0,5%-ға дейін төмендету ұсынылды.

Ұлттық банктің мәліметінше, бірыңғай QR арқылы төлем жасау сатып алушылар үшін тегін. Ал кәсіпкерлер үшін комиссия мөлшері өзге банктің картасымен төлем қабылдағандағы комиссиядан жоғары болмауы тиіс.

«Егер сатып алушы мен сатушының терминалына бір банк қызмет көрсетсе, тарифті сол банктің өзі белгілейді. Егер банктер әртүрлі болса, кәсіпкер үшін комиссия былай қалыптасады: 1%-ы – сатып алушының банкіне кетеді (сатып алушының банкіне сатушының банкі төлейтін interchange банкаралық комиссиясы). Оның бір бөлігін банк клиенттерге бонус пен кэшбек түрінде қайтара алады. Яғни, комиссияның осы бөлігі бонус бағдарламаларын қаржыландырады; Қалған соманы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдағаны үшін кәсіпкерге қызмет
көрсетуші банк алады», – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Реттеушінің мәліметінше, бірыңғай QR жүйесінің техникалық операторы – Ұлттық төлем корпорациясының қызметі үшін 0,05% операторлық комиссия көзделген. Алайда бұл төлем сатып алушылардан немесе кәсіпкерлерден емес, жүйеге қатысушы банктерден алынады.

«Осы сомадан сатып алушының банкі мен мен кәсіпкердің банкі жүйеге операторлық қызмет көрсеткені үшін ҰТК-ға телефон нөмірі арқылы орындалатын аударымға – 0 теңге, ал Бірыңғай QR бойынша төлемге – 0,05% төлейді. Осылайша, ҰТК телефон нөмірі арқылы өңделетін банкаралық аударымдар үшін банктен де, олардың клиентінен де ешқандай комиссия ұстамайды», – делінген түсіндірмеде.

Ұлттық банк банктердің де кәсіпкерлік субъектісі екенін атап өтті. Реттеушінің мәліметінше, қаржы ұйымдары төлем инфрақұрылымын дамытып, POS-терминалдарды орнату мен қызмет көрсету шығындарын өздері көтереді. Сондықтан кәсіпкерлерге арналған тарифтерді әр банк өзінің бизнес-моделіне қарай белгілейді.

Сонымен қатар, Ұлттық банк банктердің тарифтік саясатын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Реттеушінің айтуынша, бұған дейін халықаралық төлем жүйелері (Visa, Mastercard, UnionPay) және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, екі жыл ішінде банкаралық interchange комиссиялары кезең-кезеңімен екі есеге жуық төмендетілген. Соның нәтижесінде қарапайым карталар бойынша комиссия 1,8–2%-дан 1%-ға, премиум карталарда 2,4%-дан 1,2%-ға, ал суперпремиум карталар үшін 2,45%-дан 1,4%-ға дейін қысқарды.

Ұлттық банк бірыңғай QR қолданыстағы төлем тәсілдерін алмастырмайтынын да атап өтті. Кәсіпкерлер бұрынғыдай бірнеше банктің POS-терминалын пайдалана алады немесе барлық төлемді бір терминал арқылы қабылдауды таңдай алады.

Қазір оқып жатыр

«ВНЖ-мен мәселесі болған»:Украиналық комик Сабуров туралы пікір білдірді

интервью

Нөсерден кейін LRT станциясының төбесінен су ақты

ЛРТ

Ақтөбеде жол үстіндегі жанжал кісі ұрлауға ұласты

Адам ұрлығы

«Амнистия – кінәсіз деген сөз емес»: Айтбек Амангелді Байжановтың түрмеден шығуы туралы не деді

Айтбек Амангелді