«Үнемі жабық кештерде өнер көрсететінбіз...» – Актриса, блогер Сабина Мовлаева

Сабина Мовлаеваның сұлулығына сұқтанумен қатар, сынның астына алатындар да аз емес. Десе де, шоу-бизнестегі манасабын әншіліктен бастаған ол көлденең сөзге қарайтын емес, жуырда Канн фестивалінде қызыл кілеммен жүріп өтіп, көпті сүйсіндірді. Тілшіміз жұрт аузында жүрген өнер иесіне шығып, өзіне қатысты бірқатар құпия-сырды сұраған еді.
– Сабина, жуырда желіден Канн фестивалінде жүргеніңді көрдік. Екінің біріне жолдама бұйыра бермейтін танымал фестивальге жолың қалай түсті?
– ТМД бойынша ұйымдастырушыларға біздің елдің өкілдері бірнеше әнші, актриса, бизнесвумендердің аккаунтын берген екен. Олардың таңдауы сол көптің ішінде маған түсіпті. Бірақ шараның басталуына жеті-ақ күн қалғанда шақырту жіберді. Шақыртуға қуанғанғаныммен, үлгере алам ба, жоқ па деп қорықтым. Дегенмен, мұндай мүмкіндіктің әркез тумасын ескеріп, нартәуекел деп баруға шешім қабылдадым. Жол-пұлымды өздері көтеріп алып, аяғымды жерге тигізбей күтіп алды.

– Айтпақшы, Назым Қарпықованың қолынан шыққан образбен көріндің. Көйлегінің құны қаншаға түсті?
– Назым маған қолдауы ретінде айналдырған үш күннің ішінде екі көйлекті ақысыз тігіп беріп, уайымсыз жолға салды. Осы ретте оған шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ал көпшілік желіден көрген қара көйлекті фестивальдің ұйымдастырушылары кигізіп шығарды. Ол украиналық дизайнерлерінің қолынан шыққан екен.
Жан-жақтан жиылған киногерлер танымал болғанымен, олардың қарапайымдығына тәнті болдым. Маған «Әдемі қыз екенсің?», «Кімсің?», «Қайдан келдің?» деген сұрақтар жан-жақтан жиі қойылды. Үндістанның режиссерлері өздерінің қыздарына түрім келетінін айтып, киноға түсуге шақырды. Қалай деген күнде де, мен күтпеген қызықтар көп болды.

– Енді Үндістанға киноға түсуге шақырса, барасың ба?
– Білмедім, ол жағын уақыт көрсетеді.
– Бұрын «ФМ» тобында болдың. Ұжымның «сен тұр, мен атайын» деген қыздары өзара тату ма?
– Әрине, бір-бірімізді көрместей ажыраған жоқпыз, бәріміз араласып тұрамыз.
– Ән салып жүрген жеріңнен қалай актриса болып шыға келдің?
– Өзімді актриса есебінде сынап көргім келіп, алты ай актерлік шеберлік курсын оқыдым. Нәтижесінде «Малай» комедиясына түсуге мүмкіндік алдым. Режиссер атаулының бәрі желідегі жазылушыларың мен түр-келбетіңе қарап ала бермейді ғой, оны білесіз. Әйтпесе, оның алдына оншақты фильмнің кастингіне қатыстым. Жолым болмаған соң, оқып алғанды жөн санадым.
– Блогерлігің тағы бар...
– Иә, қолымнан келгенше, өзімді жан-жақты қырымнан танытуға тырысып жүрмін.
– Қымбат көлік мініп, мамыражай күн кешіп жүргеніңді жиі көрсетесің. Оның бәріне табысты қайдан аласың?
– Мен кәсіппен айналысамын, мәселен сусабын, кондиционер, термо-күтімдерім сатылымға жақсы шықты. Жуырда жаңа интим-парфюм таныстырдым.

– Интим демекші... Өткенде атушылы интим-видеодағы өзіңе ұқсайтын қыз табылды ма?
– Ол қыз табылды, бірақ елдің алдына «мен емес, мына қыз» деп көрсете алмаймын ғой. Негізі, біреу бейнежазбаны желіге салып жіберген соң, жұрттар Сабина деп таратып жіберген ғой. Осы ретте «Кір сабын» сынды телеграм арналар жауапқа тартылды. Ал ғаламторға ол бейнежазбаны нақты кімнің салып жібергені белгісіз.
– Өзіндік өнеріңмен атың қалыптасып келе жатқанда «Қалаулымға» не үшін қатыстың?
– Біз топта жүргенде үнемі жабық кештерде өнер көрсететінбіз. Баламыз ғой, ол кезде бағытымызды өзіміз біліп болмайтынбыз. Сол кезде осы бағдарламаға шақырту алдық. Топта қазақша мен ғана сөйлейтін болғандықтан, атағым қалыптаса берсін деген оймен бағдарламаға қатыстым. Екі ай қатысушы болдым, бірақ ешкімге үміткер болмадым.
– Қымбат көлік мінген сұлу қыз көрсе, «мынау біреудің көңілдесі» деген стереотип қалыптасқандай ма, қалай?
– Өз басым біреудің көңілін тауып, көңілдесі болған емеспін. Таза өз еңбегіммен көтерілдім. Көп нәрсе қыздың үйде алған тәрбиесі мен санасына баланысты ғой. Ал сыртқы сымбатына қарап тон пішу дұрыс емес. Оның үстіне жаратушы әйел затына сұлулықты жеңіл жолмен ашқа тапсын деп бермеді ғой. Еңбектенген адамның қашанда жүзі жарық, сондықтан талантың мен қайратыңа сенген дұрыс. Бірақ қандай жолда жүрсе де, біреудің өмірін талқылау дұрыс емес деп ойлаймын. Әркім өзі үшін жауап береді.

– Сұлулықты сақтау үшін айына қанша қаражат жұмсайсың?
– Осынша ақша құртамын деп нақты соманы айта алмаймын. Бірақ апта сайын массаж, фитнес, салон, йогаға міндетті түрде барып тұрамын.
– Сонымен, болашақта өзіңді қай саладан көресің: шоу-бизнес пе, әлде бизнес-леди ме?
– Қазір басым бос болғандықтан, қай жақтан мүмкіндік келеді – соны қалт жібермеуге тырысып жүрмін. Егер алдағы уақытта күйеуге шығып, күйеуім «қой, мұның бәрін таста» десе, әлбетте тастаймын. Себебі, онсыз да жағалай жалғыз өзім жорытудан шаршадым.

– Қалталы болмаса да, қызыңа әке болуға дайын қарапайым азамат кездессе, күйеуге шығасың ба?
– Шығамын, ең бастысы – ішкі талабыма сай келсе болды.