«Ат!» деп айқайлап жатқанын естідім – Дүкенге көрші тұрған үйдің тұрғыны сол күнгі оқиғаны баяндады

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша сот отырысы басталды.
Алматы, NEGE. Сот отырысында «Қамажай» дүкеніне көрші тұрған үйлердің тұрғындарынан жауап алынып жатыр.
Көрші Назира Фархатқызы қайғылы жағдай болған күні көргендерін баяндап берді.
«Мен ұйықтап жатқанмын, қатты шыққан айғайдан оянып кеттім. Қай уақытта болғаны есімде жоқ, сағатқа қарамадым. Мен өзім ерте жатып қалатын адаммын. Мен анасының «балам, балам» деген даусын естідім. Шерзат алға қарай жүгіріп келе жатты, меніңше артында ағасы жүгірді. Сол жерде бір жігіт тұрды да «Ат!» деп айқайлады. Ол жігіт дүкеннің жанында тұрды. Бұйрық бергенін жәбірленуші Шерзат Полат пен Нұрғанат Ғайыпбаев жүгіріп кеткеннен кейін естідім. «Ат!» деп айқайлаған адамның киімінің түсі қара болды, нақты қандай киім кигенін байқамадым. Бірақ, ол үлкен, денелі жігіт болатын. Түрін қазір тани алмаймын. Шерзат пен ағасының артынан анасының жүгіргенін көрдім. Олардан кейін жігіттер жүгіріп келді. Анасының айқайлап, қорғаштай бастады. Одан кейін біреудің басынан «дубинка» сияқты затпен ұрып жатқанын көрдім. Одан кейін Шерзатты жұдырықпен ұрып жатқанын көрдім. Мен бастапқыда жұдырықпен ұрды деп ойладым. Бірақ, кейін естігенім бойынша пышақпен ұрды деп айттым. Менен бірнеше күннен кейін жауап алғандықтан, сол кезде пышақпен соқты деп айттым. Жұдырық жұмсаған адам арық, қызыл кепкада болды», – деді куәгер Назира Фархатқызы.
Куәгер оқиға орнында Шерзаттың анасынан басқа тағы бір әйел адамды көрген.
«Мен үйде терезені ашқан кезде бір қыздың жігітпен кетіп бара жатқанын көрдім. Олар дүкенге қарай беттеді. Мен қателесуім мүмкін, қоңыр түсті киім киген болу керек. Шашы ашық түстес болды, бірақ бет-әлпетін көрмедім. Қыз өз еркімен бара жатты, оны ешкім мәжбүрлемеді. Жанындағы жігіт масаң күйде болған сияқты. Сол күні жай төбелес болып жатқан шығар деп ойладым», – деді ол.
Куәгердің айтуынша, ол жерде жатқан адамның Шерзат екенін сол жерге барған кезде ғана білген.
«Шерзаттың анасын оқиғаға дейін тек сатушы ретінде танитынмын. Оларды тек дүкенде тұрғанда көретінмін, аттарын ертесі жаңалықтардан білдім. Мен олардың қасына жеткенде Шерзат тірі болатын. Ол жерден әкесін басында көрмедім, оны тек көлігімен Шерзатты алып бара жатқан кезде байқадым», – деді Назира Фархатқызы.