15 Сәуір 17:58

«Бразерс үшін сотқа беремін!». Қайыңды көлінде матраста жатқан қыз қатулы видеоүндеу жолдады

Фото:

Осыдан бірер күн бұрын Қайынды көлінде матраста жатқан қыздың видеосы желіде таралып, қызу талқыға түскен болатын. Ерекше қорғаудағы көлді бұлай қорлау дұрыс емес дегендер, осындай видео түсіргендерді жазалау керек деп ойларын ашық білдірген. 

Қайынды көлінде матраста жатқан қыздың аты-жөні Карина Маратқызы екені белгілі болды. Аталмыш видеоға алғашқылардың бірі болып пікір қалдырған – эколог Сәкен Ділдахмет. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бұқаралық туризмге жатпайтынын айтты. 

«Экология, мәдениет министрлері және премьер-министр, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бұқаралық туризмге жатпайтынын қашан түсінесіздер? Ол суға батып кетсе, не болар еді? Ол жерде оны ешкім құтқара алмайды. Ал, су болса тым суық. Өкінішке қарай, біздің отандастарымыз осындай бір сурет немесе видео үшін басын қатерге тігіп жатады. Видео авторы оны туризмді дамыту мақсатында түсіргенін жазыпты. Оны қай басымен ойлап жүр? Бүгін матраспен шықса, ертең қайық бола ма? Олай істесек, су астында қалған орманның басты ерекшелігін жоғалтып аламыз ғой. Бұл Қайыңдыдағы қандай цирк? Мүмкін, туризмді дамыту үшін Бразерстегі жігіттерді шақырарсыздар?» – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

«Бразерстегі жігіттер» Карина Маратқызының шамына тиген болар, осы сөздері үшін Сәкен Ділдахметті сотқа беретінін видеоүндеуде айтты.

Эколог Сәкеннің фейсбук парақшасын қазір ғана қарап шықтым. Оның Экология министрлігіне жолдаған үндеуін оқыдым. Ол «Бразерстегі жігіттерді шақырарсыздар?» деп жазыпты. Мен ондай сайттарды қарамайды екенмін. Ол – порна сайт болып шықты. Осылайша, менің ар-намысыма, абыройыма нұқсан келтірді. Ол біздің іс-әрекетімізді цирк пен Brazzer порно студиясымен салыстырды. Құрметті Сәкен, енді біз сізбен бұл мәселені өркениетті елдердегідей сот арқылы шешеміз, – деді ол видеоүндеуінде.

Nege.kz сайтының тілшісі осы мәселеге қатысты Сәкен Ділдахметке хабарласқан. 

«Сотқа бере берсін. Өздеріңіз көргендей, Қайынды көліне барып рұқсатсыз видео түсірген. Менің жазбамның қай жеріне жеке басына қол сұғуды көріп отыр? Өздері білсін, сотқа бере берсін», – деп жауап берді Сәкен Ділдахмет. 

«Менің өзім туралы жаңалықтарды оқыдым. Барлығы мені арсыз деп жазыпты. Қайындыға барып матрас төсеп жатып, экологияны бүлдірді депті. Қайынды көлінде дайвингке рұқсат берілген. Дайвингтің қандай екенін барлығы біледі. Мен сақтық шараларының барлығын орындадым. Менің үстімде суға батырмайтын киім болды. Мен оранып жатқандықтан, оның барлығы көрінбеді. Көлсай мен Қайыңдыда түсірілген мұндай видеолар өте көп. Бірақ соның біреуі де қоғамда дау тудырған жоқ. Осылайша, көлдің жағдайына барлығы көңіл аудара бастады. Мүмкін біздің басты мақсатымыз да сол болған шығар? Қазақстандағы туризмге болашағы бар екеніне көз жеткіздік», – деді Карина Маратқызы өзінің инста-парақшасында. 

Қайынды көліндегі видеосы үшін Карина жазалана ма?

Экология және геология министрлігінің баспасөз қызметі видео ролик авторларына айыппұл салынатынын жеткізді. 

«Бәріне ортақ талап – ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы тәртіпті бұзуға болмайды! Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 380-бабына сәйкес, қарапайым ережелерді бұзғаны үшін ескерту немесе айыппұл салу қарастырылған. Достар, бұның барлығы өте маңызды. Жауапкершіліктен басқа, жазатайым оқиғалар да болуы мүмкін. Қоршаған ортаға неге осылайша зиян тигіземіз?! Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеодағы қыз, бәр сәттік әдемі кадр үшін табиғатты құрметтемейтінін көрсетіп отыр. Қазір инспекторлар видео авторларына қатысты құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып жатқандығы әділетті. Мұндай жағдайлар қайталанбау керек» – деп жазды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Сонымен қатар, ол ұлттық парктерге инфрақұрылым қажеттігін және ЭКО туризмді дамыту маңызды екенін ескертті.

Соңғы кездері, әсіресе пандемияға байланысты ішкі туризм біршама дамыды. Өз елімізде саяхаттайтындар қатары артты. Сөйте тұра адамдар арасында туризм әдебі әлі қалыптаспады. Соның кесірінен тұмса табиғаттың әдемілігі қоқысқа толып, айналасы бүліне бастағаны шындық.

Тегтер: