Браконьерлікпен айналысқан полицейлер жұмыстан қуылды
Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысында браконьерлерді қуалаған инспекторлардың видеосы тарады. Кейін белгілі болғандай, браконьерлердің арасында екі полицей болған.
23 сәуірде табиғатты қорғау инспекторлары қорық аумағынан «Тойота Хайлюкс» көлігін байқап, тоқтауға бұйырады. Алайда күдіктілер тұра қашқан. Біршама жер қуалаған соң инспекторлар күдіктілерді ұстайды.
Көлікте төрт адам болған. Тексеру барыснда күдіктілерден үш қару, оқтар, басқа да заңсыз аң аулау құралдары тәркіленді. Сондай-ақ, жақын маңнан барконьерлдер атып тастап кеткен өлі арқар табылды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «2021 жылдың 26 сәуірінде әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында браконьерлердің ізіне түскен видео таралды. Олардың арасында ішкі істер органының екі қызметкері болған. Қазір олар қызметінен босатылды.
Біздің қатарымызда мұндай қызметкерлерге орын жоқ. Браконьерлік бойынша бірде-бір факт жазасыз қалмайтынын, ал қылмыскер қарапайым адам немесе құқық қорғау органдары қызметкері болғанына қарамастан жазаланады. Заң барлығына бірдей».
Браконьерлер жұмыстан қуылғаннан бөлек, тағы қандай жаза арқалауы мүмкін?
Nege.kz тілшісінің зертеуінше, мұндай қылмыс үшін салынатын айыппұл орасан. Тіпті он екі жылға дейін сотталуы да ғажап емес. Айталық, аргали, муфлон немесе арқар тұқымдас жабайы жануарды заңсыз атқаны үшін заңсыз аңшылыққа пайдаланған дүние-мүлкі тәркіленіп, 3000 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Қазір 1 АЕК – 2917 теңге. Яғни айыппұл көлемі 8 751 000 теңге болмақ. Қылмыс қайталанған жағдайда 3 жылдан 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Каспий маңы уриалдары Иранда, Түркіменстанда және Қазақстанның батысында тіршілік етеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Мамандардың айтуынша, Маңғыстау облысы бойынша уриалдардың саны – шамамен 1500. Бұл өте аз. Кезінде қорықтағы уриалдардың саны он мыңға жеткен екен.
Браконьерлердің атып тастап кеткен аңы дәл осы уриал болуы әбден мүмкін. Мұны сараптама анықтайды.