3 Наурыз 01:22
...

Бір жылда 2500 нәресте мен 37 ана көз жұмған

Нартай Аралбекұлы
Фото: ғаламтордан

Мәжіліс депутаттары Атырау облысында ана мен бала өлім-жітімін төмендету шараларын талқылады, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Алматы, NEGE. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елдегі нәресте өлімінің төмендеуі байқалғанымен, бір жыл ішінде 2500 сәби шетінеп, 37 ана өмірден өткенін атап өтті. Оның айтуынша, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстарында нәресте өлімі өсіп отыр.

«2021 жылы – 200, 2022 жылы – 70, 2023 жылы – 45, ал 2024 жылы – 37 ана қайтыс болды. Алты жыл ішінде ана өлімі 10 өңірде көбейген. 2024 жылы қайтыс болған аналардың 54%-ы қалада, 46%-ы ауылдық жерлерде тұрған. Төрт және одан да көп баласы бар аналар арасында өлім-жітім көбейіп, 97 бала жетім қалды», – деді депутат.

Сондай-ақ, қайтыс болған аналардың 38%-ы өңірлік перинаталдық орталықтарда, 24%-ы көпбейінді ауруханаларда болғаны анықталды.

Депутат ауылдық жерлерде жүкті әйелдерге арналған арнайы емдеу орталықтарының жетіспеуі, медициналық жабдықтардың ескіруі, жасөспірімдер арасындағы жүктілік және аборт мәселелерін көтерді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев 2024 жылы нәресте өлім-жітімі ең төменгі деңгейге жеткенін айтты. Оның көрсеткіші 1000 тірі туған сәбиге шаққанда 7,05 болды. Ал ана өлімі 7,6 есеге төмендеп, 1992 жылы 76,8 болса, 2024 жылы 10,1 көрсеткішіне жетті.

«Жиын барысында депутаттар дәрігерлерге қосымша сыйақы төлеу, дәрі-дәрмек тарату жүйесін қайта қарау, перинаталдық орталықтардың материалдық жағдайын жақсартужәне білікті кадрларды даярлау үшін мақсатты гранттар бөлу ұсыныстарын енгізді. Мәжіліс комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ұсыныстарды жинақтап, Үкіметке нақты ұсыныстар жолданатынын айтты», – делінген хабарламада.