9 Желтоқсан 11:42
...

Бір тамшы артық су берілмейді: Үкімет басшысы фермерлерге ескерту жасады

Бектенов
Фото: akorda.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында оңтүстік өңірдегі фермерлерге егіс көлемін бақылау және су үнемдеу қажеттігін ескертті.

Астана, NEGE. Оңтүстік өңірде су тапшылығы күшейіп, үкімет егіс құрылымын қайта қарауға көшті. Судың тапшылығы 1 млрд кубометрге жетуі мүмкін деп болжануда. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

«Шардара су қоймасына су келу 43%-ға азайып, Нарын-Сырдария каскадындағы ірі резервуарларда су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,8 млрд кубометрге кеміген. Осыған байланысты су ресурстарын қатаң реттеу қажет», — деді ол.

Премьер-министр Бектеновтің айтуынша, келесі маусымның тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін облыс әкімдері коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық каналдарды жөндеуді қазірден бастау керек. Негізгі бағыттар ретінде суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу көрсетілді.

«Өңір әкімдіктері мен тиісті ведомстволар егістік құрылымын әртараптандыру бойынша көрсеткіштердің қатаң орындалуын қамтамасыз етуі керек», – деді премьер.

Үкімет басшысы су ресурстары министрлігіне су көлемін бекітілген лимиттен артық бермеуді тапсырды. 

«Егер шаруашылыққа 100 гектар жер белгіленген болса, ертең бір гектар артық егілсе, біз бір тамшы су да бермейміз. Егер ауыл шаруашылығы министрлігінің көрсеткіштері бұзылып, фермерлерде шығын пайда болса, бюджеттен бір тиын да өтелмейді. Бұл шешімді адамдарға ашық жеткізу қажет», – деді Бектенов.

Сондай ақ, ол су ресурстары және ирригация министрлігіне шекаралас өңірлер әкімдіктерімен бірге көрші елдермен жұмысын күшейтіп, қажетті су көлемінің уақытылы келуін қамтамасыз етуді тапсырды.