12 Ақпан 09:36
...

Бір отбасын бес жыл бойы аңдып келген: Сәтпаевта 22 жастағы сталкер ұсталды

Күдікті
Фото: polisia.kz

Ұлытау облысында киберпол қызметкерлері бес жыл бойы бір отбасын мазасын алған күдіктіні ұстады.

Астана, NEGE. Күдікті анонимді аккаунттар мен цифрлық бүркеншік аттарды пайдаланып, отбасын жүйелі түрде қудалап келген, деп жазады Polisia.kz.

Алғашында ол танысудан бас тартқан сол үйдің қызына ғана қысым көрсетіп келген. Оны бопсалап, қорқытып, жалған ақпарат таратқан.

Кейіннен жасанды интеллект арқылы интимді сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасап, оны қыздың туыстарына, таныстарына жіберген. Тіпті, қыздың тойын болдырмай тастаған.

«2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген күдікті қыздың болашақ күйеуінің отбасына ар-намысына нұқсан келтіретін жалған бейнематериалдарды жолдаған. Соның салдарынан үйлену тойы болмай қалған», – дейді полицейлер.

Қыз әлеуметтік желілерден толықтай кетуге тырысқан кезде де күдікті оның жақын туыстарын мазалай бастаған. Ол интернетте жалған анкеталар мен материалдар таратып, салдарынан бүкіл отбасына, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қауіп төнген.

«Күдікті ретінде Сәтбаев қаласының 22 жастағы тұрғыны анықталды. Ұстау шарасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілді. Тінту барысында құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылған компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді», – деп хабарлады ІІМ өкілдері. 

Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу барысында оның басқа да киберқылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталмақ.