«Бозымбаев ешқайда кетпейді»
Бүгін премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі, «элитолог» Ербол Еділовтің YEDILOV ONLINE телеграмм-каналында «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның жаңа басшылығына тағайындалуы мүмкін үміткерлердің аты-жөні аталды.
Еділовтің бір болжамы бүй дейді: «Кейбір ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда, «ҚТЖ» АҚ ҰК басқарма төрағалығына тағы бір кандидат – 2016-2019 жылдардағы ҚР Энергетика министрі, Президенттің қазіргі көмекшісі Қанат Бозымбаев.
Ол мойын омыртқасына жасалған отадан соң 2019 жылы денсаулық жағдайына байланысты қызметтен кеткен».
Қ.Бозымбаев
Тілшіміз деректің рас-өтірігін анықтамаққа Қанат Бозымбаевтың бұрынғы кеңесшісі Асқар Жалдиновқа хабарласты.
– Бірқатар телеграм-каналдарда бұрынғы басшыңызға қатысты «Бозымбаев «ҚТЖ»-ның басқарма төрағасы болып тағайындалуы мүмкін» деген ақпарат тарады. Бұл жайында не айтасыз?
– Иә, кешелі бері Қанат Алдабергенұлына қатысты тараған гу-гу әңгімелерді қадағалап отырмын. Яғни ол туралы бірде «ҚТЖ»-ға басшы болады екен» десе, енді бірде «Алматы қаласының әкімі болып келеді екен» дейді.
Бірақ, бір нәрсені анық айта аламын, Қанат Алдабергенұлы Президенттің көмекшісі қызметінен ешқайда кетпейді.
«Қазақстан темір жолы» ҰҚ басқарма төрағасы болу жөнінде ұсыныс түскені рас, бірақ Қ.Бозымбаев бұған дейін Ұлттық компанияларды басқарған. Қазіргі лауазымы бойынша экономиканың бірқатар секторларын қадағалайды. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің мүшесі. Мұны да ескеру керек.
Кейбір әріптестеріміздің «ақпарат көздері» мен «элитологиялық білімі» жиі ұятқа қалдырып жүр. Сондықтан телеграмм-каналдарға құлай сенбей, деректі мұқият тексеріп, шынайы ақпаратқа ғана сүйенген жөн.