Бозымбаев Шэньчжэнь тәжірибесін Алатау қаласын дамытуда қолдануды талқылады
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Қытайға жұмыс сапары аясында Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен кездесті.
Астана, NEGE. Кездесуде инвестиция тарту, инновациялық экожүйені дамыту, қаланы цифрлық басқару және заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Негізгі назар Қазақстандағы жаңа экономикалық өсу орталығы ретінде Алатау қаласын дамытуға аударылды.
Қанат Бозымбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жүйелі түрде нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық 48,7 млрд долларға жеткен. Ал 2005–2025 жылдар аралығында Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асқан.

Кездесу барысында Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі мен даму моделін әзірлеу кезінде әлемдік тәжірибе, соның ішінде Шэньчжэньдің даму жолы ескерілетіні айтылды. Шэньчжэнь қысқа уақыт ішінде инновация, жоғары технология және кәсіпкерлік саласындағы әлемдік орталықтардың біріне айналды.
Шэньчжэнь мэрі Цинь Вэйчжун Қазақстанның Алатау қаласын құру бастамасына оң баға беріп, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа буын жобаларын сәтті іске асыру үшін ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарас, инвестицияға ашықтық және инновацияны тұрақты енгізу маңызды.

Қанат Бозымбаев Шэньчжэнь компаниялары мен даму институттарын Alatau City жобаларына қатысуға шақырды. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, логистика, жасыл энергетика және жоғары технологиялық өндіріс бағыттары аталды.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар Шэньчжэнь мен Алатау қаласы арасындағы инвестициялық және іскерлік байланысты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Қазір оқып жатыр
ҰҚК Атырау әкімі орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады
«Қара нарықтағы» құны 1,5 млрд теңге: есірткі өндірген 7 шетел азаматы сотталды
«Батамды бердім»: Мұхтар Жәкішев күйеу баласының ұлтын сынағандарға жауап берді
ЕАЭО-ға мүше екі елдің нақты табысы төмендеген, оның ішінде Қазақстан да бар