Бозымбаев: Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң жазаланады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты мәлімдеме жасады.
Астана, NEGE. Вице-премьердің айтуынша, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, қылмыстық істер қозғалған. Бозымбаев тергеу барынша мұқият әрі қысқа мерзімде жүргізілетінін мәлімдеді.
«Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», – деді ол.
Вице-премьер қаза тапқандардың отбасыларына материалдық және басқа да қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
«Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – деді Бозымбаев.
Ол тергеу барысы мен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жұмысын жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Кейін 12 адамның қаза тапқаны, үш әскери қызметшінің құтқарылғаны белгілі болды. Тағы екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері, ТЖМ, авиация және басқа да қызметтер жұмылдырылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.