Бөріхан Нұрмұхамед: Қазір біз ортадан да төмен адамдарға билік тізгінін беріп қойдық
Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың: «Ашаршылықты саясиландырудың қажеті жоқ, ашаршылықты бір ғана ұлтқа жасалған қылмыс деп айтуға келмейді», – деп пікірі қоғамда қызу талқыға түсті.
Бұл тақырыптан Nege.kz те қалыс қалмай, «Спикер НЕГЕ сипай қамшылады?» деген мақала жариялаған-ды. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед Сенат спикерінің ұстанымымен мүлде келіспейтінін айтып, редакцияға хабарласты. Билік тізгінін ұстап отырған тұлғалардың соңғы кезде тым ұсақталып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Саясаттанушының пікірін таспаға басып алып, мінбер ұсындық.
Б.Нұрмұхамед
– Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың пікірімен неге келіспейсіз?
– Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толғалы отыр. Ашаршылықтан бері тоқсан жыл өтті. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жеткілікті. Сондықтан ашаршылыққа қатысты саяси бағамызды беруіміз керек деп ойлаймын.
Екіншіден, біз сол кездегі саясатты тек қана Мәскеуге телімей, сол кездегі Қазақстандағы саяси режимнің адамға қарсы әрекеттерін ашып көрсету керек деген пікірдемін.
– Демек, оның арасында өз қазақтарымыздың барын ескеруіміз керек қой?
– Ол саясатты жүргізген еврей, орыс қана емес, арасында қазақтар да болды. Тарихи шындықтың бәрін ашық көрсету қажет. Сол кездегі саяси режимнің солақай саясаты айтылып, саралануы тиіс. Ақиқат ашылған соң ғана келешекте оны болдырмайтындай жолға түсе аламыз.
Сол себепті де соңғы кезде «саясатымыз тым ұсақталып барады» деген қорытындығы келіп отырмын.
– Сонда, билік басындағы тұлғалардың іс-әрекетіне көңіліңіз толмай ма?
– Үкіметтегі министрлер болсын, вицелер болсын, парламентте сөйлеген сөздерін тыңдасаң, қарның ашады, көңілің құлазиды. Менің әкем: «Әкім болу оңай, әкімнің сөзін сөйлеу қиын», – деп айтып отыратын.
Фото: zikibay.com
Расында да, министр, вице-министр болу оңай. Министрдің сөзін сөйлеу қиын болып тұр. Көп адамдар министрдің деңгейіндегі сөзді сөйлей алмайды. Өресі жетпейді. Неге ойын жақсы жеткізе алатын адамдар тағайындалмайды? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетке қызмет еткен кейбір тұлғалар деңгейіндегі министрлер қалмады. Ұсақталып барады.
– Тіпті, депутаттардың сауалдарына дұрыс жауап бере алмай жатқанын меңзеп отырсыз ба?
– Намысы жоқ адамдар сияқты. Мектеп жасындағы баладай мыңқылдап тұрғаны. Ол лауазымды қызметте отырып не істеп, не бітіріп жүр? Одан да қызметінен кеткендері жөн бе деп ойлаймын.
– Біздің элитамыз осындай болса, біз кімге сенеміз? Ұлттық мүддемізді қалай қорғай аламыз?
– Ең алдымен өз азаматтарымызға сенуіміз керек. Тәуелсіздікті алғанда, демократиялық мемлекет құрамыз, өз бағытымызды өзіміз таңдаймыз деп жария еткенбіз.
– Бірақ жағдай басқаша болып тұрған жоқ па?
– Соған жол ашпасақ болмайды! Демек, елді басқаруға жақсылар шығатын жүйе керек. Жақсы мамандар көтерілуі керек. Қазір біз орта немесе одан да төмен адамдарға билік тізгінін беріп қойдық.