12 Қараша 13:22
...

Бөлекпаев «Шахтердің» КПЛ-дан шығуы жайлы: Саналы түрде қабылданған шешім

Ермаганбет Болекпаев
Фото: ortcome.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Шахтер» футбол клубының тарихында алғаш рет Бірінші лигаға түсіп қалғанына байланысты ыңғайсыздық сезіне ме деген сұраққа жауап берді.

Әкім бұл шешім саналы түрде қабылданғанын айтты.

«Бұл жағдай бұрынғыдай жалғаса бермеуі керек еді. Клуб толықтай бюджет есебінен қаржыландырылып келді, бірақ ойыншылардың жартысы – легионерлер немесе әлсіз, жергілікті емес футболшылар болды. Сол себепті бәрін қайта бастап, мықты база құру туралы шешім қабылданды. Таңертең Қайрат Боранбаевтың сұхбатын көрдім, олар “Қайрат” клубымен шамамен 11 жыл жұмыс істеп, тұрақты команда жасақтады. Бұл – жақсы үлгі. Команданы жасанды түрде жоғарыда ұстаудың қажеті жоқ. Бірінші лигада болса да, өзіміздің футболшылар ойнауы керек. Менің ұстанымым осы», – деді Бөлекпаев.

Оның айтуынша, осы айдың соңына дейін барлық рәсімдер аяқталып, клубтың иесі Тимур Турлов болады. Кәсіпкер қазіргі уақытта үш стадионнан тұратын футбол академиясын салып жатыр. Соның бірі – 3,5 мың орындық жабық стадион, құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

«Ескі стадион 1954 жылы салынған, сондықтан оны жөндеу қажет. Қазір алаң мен негізгі құрылымдар жаңартылып жатыр. Бұл стадион 20 мың көрерменге арналған және ел чемпионаттарын қабылдай алады. Мұндай инфрақұрылым бізге керек. Қазір алаң жөнделді, келесі жылы ішкі және сыртқы инфрақұрылымды ретке келтіреміз», – деді әкім.

Сонымен қатар 12–15 мың орындық жаңа жабық стадион салу жоспарда бар. Ол футбол академиясының жанындағы 72 гектарлық спорт кластерінде бой көтереді. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. 

Бұған дейін «Шахтерге» бөлінген бюджет қаражаты енді жабық футбол манеждерін салуға бағытталады.