19 Қаңтар 17:44
...

«Болды, бітті!» Мәжіліс депутаттары «зейнеткер Назарбаев» туралы айтты

Фото:
Бүгін Мәжіліс конституциялық заңдарға түзету енгізіп, Тұңғыш Президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалығын тоқтатты.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қанат Нұров Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының Парламентте сөйлеген сөзі революциялық сипатта болды, халық жеңілдеп қалды. Енді Парламент пен үкімет барлық уәдесін толық, шұғыл және нақты орындауы керек. Ең алдымен, Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық етуінен бас тарту керек болған және ол бүгін жасалған», – деді ол.

Тілшіміз Мәжіліс депутаттарына хабарласып, пікірін сұрады.

Қанат Нұров: Енді ешкім өмір бойы басқармайды

– «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» және «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» конституциялық заңдарға қажетті барлық түзету Сенатқа жіберілді. Қазір ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету тұлғасы бойынша емес, лауазымы бойынша Президентке заңды түрде тиесілі. Бұл түзетулерді енгізу тапсырмасы кімнің тарапынан түсті? Бұл дұрыс шешім бе?

– Біздің заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінен түсті. Бұл түзетулерді депутаттар енгізді. Әрине, бұл дұрыс. Кеше Тұңғыш президент Н.Назарбаев өзі шығып, барлық биліктің президент Тоқаевқа өткенін айтты. Қазір Қазақстан халқы ассамблеясы төрағалығын беріп қойды. Енді Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын өткізеді. Енді мұның бәрін заң жүзінде бекіту керек қой. Парламент Мәжілісі мен Сенаты конституциялық заңдарға түзету енгізуге құқы бар. Бүгін құжат Сенатқа кетті. Одан кейін Президент мақұлдайды.

– Енді бәрі Тоқаевқа өтеді. Бұдан былай заңнан «өмір бойы» деген алынып тасталына ма?

– Иә, өтеді. Енді ешкім өмір бойы басқармайды. Төрағалық ету тұлғасы бойынша емес, лауазымы бойынша ғана басқарады.

Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты: Ол кісі зейнетте...

– Бүгін Парламент Мәжілісі ерекше заңға түзету енгізіпті ғой. Жұмыс тобында болдыңыз ба?

– Иә. Біріншіден, ҚХА-ны басқару қазіргі, өзіміздің заңды президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жүктеледі. Оған қазір толығымен беріліп отыр. Сосын Қауіпсіздік кеңесін де берген дұрыс. Енді партияны іс жүзінде президент басқарып отыр, бірақ оны да заң жүзінде заңдастыру керек. Ол үшін партияның съезі өтуі керек. Бәлкім, кешігіп жатыр ма, әлде дайын болмай жатқан болар. Меніңше, Конституция арқылы біраз заңнамаға өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын.

Енді «өмір бойы» деген болмайды ғой?

– Жоқ, ондай жоқ енді. Қазіргі президентке де өмір бойына беріліп отырған жоқ.

Бұл кешегі Назарбаевтың үндеуінен кейін қолға алынған шаруа ма?

– Ол кісі енді не болса да, зейнетте ғой. Бәрі кезең-кезеңімен. Үндеуінен кейін болсын-болмасын, бұл күн тәртібінде тұрған мәселе ғой. Халықтың талабы бар дегендей. Енді көптеген өзгеріс, жаңалық болуы керек. Жаңаша, басқаша қадам жасау қажет. Ел-жұртқа алаңдап жатқан мән-жай бар. Болып жатқан оқиғаларға, мәселелерді сараптау керек. Ес жиып алып, заңды түрде партияның съезін жасап, заңдастырады деп ойлаймын.    

Президенттен бастап «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатыр. Сіздерден де елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты дені түзу заңдар күтеміз.

– Міндетті түрде. Жаңа Қазақстан деген жай ғана сөз емес. Қазақстан – қарапайым халықтан тұрады. Оның әлеуметтік, экономикалық әлеуетін көтеретін заңдар қабылдау керек. Мұны қабылдап қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Халыққа басқа ештеңе керек емес.

Өткенде «Азаттықтың лебі есті, ағайын!» деп едіңіз...

– Бұл болып жатқан оқиғаларға байланысты айтылған. Бұл өткенді жоққа шығару емес, бар нәрсені бар деп, жоқтың орнын толтыру керек. Сондықтан қазір қиын, қайғылы кезең. Қайта соншалықты шыдап отырған қарапайым халыққа рахмет. Халықты әбден ашу-ыза қысты. Сосын өзіміз де жастарға жақсы білім, жақсы тәрбие бере алмадық. Кеше сөйтіп өскен жастар ғой шыққан. Қарасаңыз, 17-29 жасқа дейінгі жастар. Мұны басқа күштер пайдаланып кетіп жатыр. Сондықтан ақ-қарасын ажыратып, халықтың намысын, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау қажет. Жаңа Қазақстан деген осы. Сол үшін Президенттің бастамаларын қолдауға тиіспіз.

Тегтер: