БОҒАУЫЗДАР бюджетке екі айда 27,5 млн теңге АЙЫППҰЛ төледі

2023 жылдың 6 наурызынан бастап қоғамдық орындарда бейәдеп, боқтық сөз айтқандарға айыппұл салатын заң күшіне енген болатын. Қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады.
Бұл заңның күшіне енгеніне екі айға жуық уақыт өтті. 6 наурыздан бері қанша әкімшілік іс қозғалды? Қанша адамға айыппұл салынып, қаншауы қамауға алынды?
NEGE порталы осы сұрақтарға жауап іздеп, Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған болатын. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Р.ӘЛКЕНЕВТЕН жауап келді.
«2023 жылдың 6 наурызынан 24 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы бойынша 925 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді жауапта.
Осы аралықта 925 адам жауапқа тартылып, 566 адамға айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы көлемі – 27,5 млн теңге.
Заңда айыппұлдан бөлек 15 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған. Белгіленген аралықтың ішінде 359 адамға қатысты әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылып үлгерген.
Фото: ғаламтордан
«ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының санкциясы бойынша айыппұл және әкімшілік қамаққа алуға әкеледі. Қоғамдық жұмыс Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде көзделген. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы барлық статистикалық есептер ҚР ӘҚБтК-нің және ҚР ҚК-нің баптары бойынша қалыптастырылады және Комитеттің qamqor.gov.kz ақпараттық порталында «Құқықтық статистика» тарауындағы «Статистикалық есептер» бөлігінде ай сайын (тоқсан сайын) орналастырылады», –дейді ресми жауапта.
Жалпы, қазіргідей алмағайып заманда боқтамай жүру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Өйткені баға шарықтап, тұрмыс төмендеп барады. Егер қалтаңызда төлей салатын 69 мың теңге тұрса немесе 15 тәулікке «демалып» келуге дайын болсаңыз, биліктегілерді жеті атасынан түк қоямай сыбап салуға әбден болады...