30 Желтоқсан 17:44
...

Блогерлер ісі: Жанәбіловтердің адвокаты айыптаулардың қолдан жасалғанын мәлімдеді

Блогер
Фото: әлеуметтік желіден
Ерлі-зайыпты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың адвокаты Жасұлан Рақымғалиев тергеу органдарының әрекетін қатаң сынға алып, өзінің қорғауындағы блогерлерге қатысты қылмыстық істі тергеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді.

Алматы, NEGE. Адвокаттың айтуынша, ерлі-зайыптының екеуі бірдей Қылмыстық кодекстің бір бабы бойынша еш негізсіз күдікке ілінген. Әңгіме «Заңсыз кәсіпкерлік» бабы туралы болып отыр. Адвокат айыптаудың өзі қылмыстық құқықтың негізгі қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.

«Ерлі-зайыптының кәсіпкерлік қызметі некеде болған кезде жүргізілсе де, бір ғана әрекет үшін екеуі бірдей жауапкершілікке тартыла алмайды. Отбасы – қылмыстық топ емес. Егер кінә дәлелденсе, жауапкершілік тек нақты бір адамға ғана жүктелуі тиіс», – деді Жасұлан Рақымғалиев.

Адвокат істің дәлелдемелік базасына да ерекше назар аударды. Оның сөзінше, айыптаудың негізіне ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитетінің қорытындысы алынған.

«Бұл орган бұған дейін өзі әкімшілік хаттама жасап, әкімшілік сотта айыптауды қолдаған. Ал қазір оның қорытындысын тәуелсіз маманның пікірі ретінде көрсетуге тырысып отыр. Мен мұндай дәлелдемені жол берілмейді деп санаймын, себебі бұл – мүдделі тарап», – деді Рақымғалиев.

Сондай-ақ ол қорғау тарапы бірнеше мәрте, оның ішінде сараптама тағайындау туралы да өтініш бергенін, алайда соңғы өтініш ешқандай себепсіз кері қайтарылғанын хабарлады. Осыдан кейін түрлі қадағалау органдарына шағымдар жолданған.

«Қарапайым тілмен айтқанда, бір адам ойдан бірдеңе құрастырып, оны әкімшілік хаттамаға енгізген, ал қазір соны қылмыстық құқық бұзушылық деп көрсетіп отыр. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысына емес, кек алуға көбірек ұқсайды», – деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, іс аясында амнистия актісін қолдану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Алайда қорғау тарапының мәлімдеуінше, тергеу органдары келтірілген залалды барынша кең көлемде өтеуді талап етуде.

Қазіргі уақытта блогер Ерболат Жанәбіловтің жұбайы, блогер Эльмира Төлегенова жариялаған видеосында отбасына қатысты қылмыстық қудалауды объективті әрі бейтарап тергеудің нәтижесі емес, жеке өшпенділіктің салдары деп бағалайтынын айтты.

«Біз істің қолдан жасалып жатқанына сенімдіміз. Неге дәл бізге осындай назар аударылды? Неге басқа блогерлердің ұқсас ұтыс ойындары тексерілмеді?» – деді Төлегенова.

Ол отбасы осы уақытқа дейін жағдайды жарияламай, тергеудің объективті боларына үміт артқанын да атап өтті.

«Біз мұны шоуға немесе хайпқа айналдырғымыз келмеді. Бірақ біздің көзқарасымыз бойынша, тергеу объективті болмады», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы ақылы курс арқылы 10 автокөлік пен өзге де қымбат сыйлықтарды ұтысқа қойғаннан кейін дауға қалды. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотереяларды тек ресми операторлар ғана өткізе алады.