Блогер Мұрат Әбділда қайтадан түрмеге қамалды

Бүгін Түркістан қаласында түрмеден шартты түрде босатылған блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынды.
Алматы, NEGE. Сот блогер Мұрат Әбділдәға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына алмастырды.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 23.08.2024 жылғы қаулысына сәйкес азамат М.Абдиллаевқа сағат 22:00-ден таңғы сағат 06:00 аралығында үйінде болуға міндеттелген. Дегенмен азамат М.Абдиллаев сот жүктеген міндеттерді өз дәрежесінде орындамаған. Учаскелік полиция қызметкері 17.03.2025ж. түнгі уақытта Мұрат Әбділдәнің тұрғылықты мекен-жайын тексеруге барған уақытта үйінде болмаған. Сот процессі барысында полиция бөлімінің жүйелі бұзушылықтар туралы дәлелдері расталды.
Сонымен қатар Мұрат Әбділда рофилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған.
Мұрат Әбділда өз кінәсін ішінара мойындап, соттан өзіне тағы бір мүмкіндік беруді сұраған. Сот отырысына Мұрат Әбділданың жұбайы да қатысты. Үкім оқылған сәтте ол көз жасына ерік берді.
Мұрат Әбділданың мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Мұрат Әбділда әлеуметтік желідегі бейнежазбалары арқылы «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін» 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Өткен жылдың қыркүйек айында ол шартты түрде босатылған болатын.