14 Қаңтар 09:31
...

Блогер Қайсар Қамзаның криптоактивтеріне тыйым салынды

instagram.com/qais_arr
Фото: instagram.com/qais_arr

Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Қамзаға заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікпен халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, сот оған сырттай «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Агенттік өкілдерінің нақтылауынша, блогер әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Pinco сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.

«Осылайша, Қайсар Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған», – делінген ҚМА хабарламасында.

Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында ол криптоәмиянды пайдаланған. Оған Pinco интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған.

Сот санкциясымен оның 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтеріне тыйым салынды.

Айта кетейік, 10 қаңтарда блогерге іздеу жарияланғаны мәлім болды. Іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр.

Көп ұзамай Қайсар Қамза жеке парақшасында бұл жайтқа пікір білдіріп, таңданысын жеткізді.