БҚО тұрғыны 1,3 млн теңгені алаяқтарға аударып жібере жаздады

Батыс Қазақстан облысында полицейлер 1,3 миллион теңгенің алаяқтарға кетуінің алдын алды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Алматы, NEGE. Уральскідегі сауда орталықтарының бірінде тәртіп сақшылары терминал жанында телефонмен сөйлесіп, асығыс ақша енгізіп жатқан ер адамды байқаған. Оның абыржып тұрғанын байқаған полицейлер дереу араласып, телефон ар жағындағы адамдардың алаяқ болуы мүмкін екенін ескерткен. Алайда өзін «Тамара» деп таныстырған әйел, кейін «қызы» мен «ұлы» болып сөйлескен адамдар ер адамды ешкімге құлақ аспай, ақшаны аудара беруге үгіттеген.
Тексеру барысында бірнеше күн бойы алаяқтар оған қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырғаны анықталды. Олар азаматты депозиттен қаржысын шешіп алып, «қауіпсіз» шотқа аударуға көндірген. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында 1,3 млн теңгенің аударылуына жол берілмеді.
БҚО-да мұндай оқиғалардың алдын алу үшін банкоматтар мен терминалдардың қасында профилактикалық шаралар күшейтілген. Тәртіп сақшылары халықтың, әсіресе қарттардың, қаржылық сауаттылығын арттыруға көңіл бөлуде.
– «Құқық қорғау органдарының шынайы қызметкерлері ешқашан ақша аударуды талап етпейді. Күдікті қоңырау түскен жағдайда 102 нөміріне дереу хабарласыңыз», – деп ескертті полиция.