30 Наурыз 11:45
...

БҚО-ның облыс орталығы мен төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды

Скляр
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан қалыптасқан жағдаймен танысты, деп хабарлады BAQ.KZ.

Алматы, NEGE. Жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы су басқан аумақтар әуеден бақыланып, сондай-ақ Орал қаласындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан ахуал зерделенді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Роман Склярға жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде баяндады. Су тасқыны жағдайы мол түскен жауын-шашын салдарынан күрделеніп отыр. Төрт аудан мен облыс орталығында жергілікті масштабта табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, 874 адам құтқарылды.

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны зардаптарын жою жұмыстарына ТЖД жеке құрамынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінен 1168 адам тартылды. 306 бірлік техника мен 146 мотопомпа жұмылдырылды.

Сонымен қатар №99250, №28237 әскери бөлімшелерінің күші мен құрал-жабдықтары және Маңғыстау облысының ТЖД тартылды. Қосымша ҰҚК Шекара қызметінің екі «МИ-8» тікұшағы жұмыс істеп жатыр. Өңірде арнайы құрылған комиссия табиғи апаттан келген шығынды есептеуді бастады.

Роман Скляр барлық бағыт бойынша су тасқынына қарсы күресті күшейтуді және тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші кезекте қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі.