БҚО-да үйқамақтағы әйел пробация қызметкеріне гүл сыйлаймын деп жарты миллион теңге айыппұл арқалады

Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотында Б. деген әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабы бойынша іске нүкте қойылды.
Алматы, NEGE. Орал қаласының пробация қызметінде есепте тұрған сотталған әйел өзінің инспекторы Қ-ға туған күніне гүл шоғын және шоколадпен қапталған құлпынай салынған шағын қорапты сыйға тартқан.
Сотта анықталғанындай, ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлімі 4-тармағына сәйкес 3 жылға бас бостандығы шектелген Б. пробация қызметінің инспекторы Қ-ның тікелей бақылауында болды.
Сот отырысында әйел кінәсін мойындап, теріс ойы жоқтығын, ол адамға гүл беруге болмайтынын білмегенін айтты.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабына сәйкес жеке адамдардың мемлекеттiк қызметті орындауға уәкiлеттiк берілген немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 12-бабы мемлекеттік қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік өкілеттіктеріне кіретін әрекеттері (не әрекетсіздігі) үшін сыйлықтар қабылдауға толық тыйым салады.
Сот істі зерделеп, Б-ны аталған кодекстің 676-бабында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 550 480 теңге көлемінде айыппұл салды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.