Аймақ
БҚО-да тазалық талаптарын бұзғандарға қатысты 7 мыңға жуық әкімшілік іс тіркелді
Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыстар жүргізді.
Астана, NEGE. Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері тазалық пен абаттандыру талаптарын бұзуға байланысты 6 932 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Өңірде тәртіп бұзғандарды жауапқа тартумен қатар, аумақтарды тазарту, көгалдандыру және заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары да жалғасып жатыр.
БҚО полиция департаментінің 28 қыркүйектегі мәліметінше, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтамауға қатысты. Жыл басынан бері осындай 5 554 дерек тіркелген. Бұған инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл желектерді жою немесе зақымдау да кіреді.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган белгілеген орындардан тыс сауда жасаудың 1 013 дерегі, ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 365 жағдайы анықталған.
Әкімдік: 221 мың гектар аумақ тазартылды
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі «Таза Қазақстан» аясындағы тазалық және көгалдандыру жұмыстарын 2024 жылдан бері жүргізіп келеді.
Облыс әкімдігінің сәуірде жариялаған мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың сәуірінен бері өңірдегі сенбіліктерге 500 мыңға жуық адам қатысқан. Осы уақыт ішінде 221 мың гектар аумақ тазартылып, арнайы полигондарға 172 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған. Сондай-ақ 313 085 түп ағаш отырғызылған.
Биыл 25 сәуірде Оралдағы Шаған өзенінің жағалауында өткен акцияға 500-ден астам адам қатысып, аумақ тазартылып, тағы 1 000 түп ағаш егілді.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл жұмыстар бір реттік сенбілікпен шектелмеуі керек екенін айтты.
«Табиғатты қорғау – құр сөз емес, ол баршамыздың ортақ борышымыз», – деді Нариман Төреғалиев.
Оның сөзінше, халықтың өмір сапасын жақсарту және елді мекендерді көркейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.
Бұл жұмыс күзде де тоқтаған жоқ. Мәселен, 16 қыркүйекте Теректі ауданындағы «Тақсай ханшайымы» тарихи-археологиялық кешенінің аумағы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Заңсыз қоқыс орындары жойылып жатыр
Әкімдік, коммуналдық қызмет пен полиция тазалық талаптарын бақылауда бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Биылғы алғашқы бес айдың қорытындысында облыста 67 мобильді топ жұмыс істеген. Тек Орал қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемелерімен бірге 30-дан астам рейд өткізілген. Соның нәтижесінде облыс орталығындағы 30 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, абаттандыру талаптарын бұзған кемшіліктерді түзету бойынша 945 нұсқама берілген.
Бұл ретте бақылау тек рейдтермен шектелмейді. 2025 жылы Оралдағы 50 контейнерлік алаң бейнебақылау камераларымен жабдықталып, олар облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.
Жүйе контейнерлердің толу деңгейін бақылауға және қоқысты жәшіктен тыс жерге тастағандарды анықтауға мүмкіндік береді. Биыл камералардың көмегімен 40 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, кінәлілер жауапқа тартылған.
Тазалыққа бақылау күшейтіледі
Өңірде абаттандыру талаптарын бұзғандарды анықтау мен аумақтарды тазарту қатар жүргізіліп отыр. Полиция құқық бұзушылықтарды тіркеп, жауапкершілікке тартса, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қызметтермен бірге қоқыс орындарын жою, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді.
Полиция тұрғындарды қоқысты белгіленбеген жерге тастамауға, қоғамдық орындарды ластамауға және абаттандыру талаптарын сақтауға шақырды. Заң талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.