Аймақ
БҚО-да «Қаладан – ауылға» жобасымен мыңнан астам адам қоныс аударды
Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы аясында 218 отбасы, яғни мыңнан астам адам ауылға көшті. Олардың барлығы баспанамен қамтылып, әлеуметтік қолдау алды. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Президентке берген есебінде айтылды.
Астана, NEGE. Жоба БҚО әкімдігінің 2024 жылғы 12 қаңтардағы қаулысымен бекітілген. Ол 2024–2026 жылдарға есептелген. Негізгі мақсаты – қала тұрғындарын ауылдарға көшіру, халық саны азайған елді мекендерді сақтап қалу, ауылдағы жұмыс күші тапшылығын азайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту.
Бағдарлама басталған кезде оған қатысу үшін облыстағы 96 ауыл таңдалған. Бастапқыда осы елді мекендерге 120 отбасын көшіру жоспарланған еді. Қоныс аударушыларды баспанамен қамту, ересектерге жұмыс табуға көмектесу, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру көзделді. Жаңа тұрғындар мал алып, жеке шаруашылық жүргізуге және «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға да мүмкіндік алды. Бұл туралы Нариман Төреғалиев сұхбатында мәлімдеген.
Жоба аясында қоныс аударушыларға тұрғын үй немесе қызметтік баспана беру, сондай-ақ ауылдан қайталама тұрғын үй сатып алып, жөндеуден өткізу қарастырылған. Қатысушылар белгіленген талаптарға сай келсе, «Дипломмен ауылға», «Ауыл аманаты» және кәсіпкерлікті қолдауға арналған басқа да мемлекеттік бағдарламаларға өтініш бере алады. Бұл көмектер барлық қоныс аударушыға автоматты түрде берілмейді.
2025 жылғы наурызда жоба арқылы БҚО ауылдарына 104 отбасы немесе 519 адам көшкені хабарланған еді. Қазір отбасылар саны 218-ге жеткен. Осылайша, қоныс аударушылар саны бір жарым жылдың ішінде екі еседен астам өсті.
Пилоттық жобаның қолданыстағы мерзімі 2026 жылы аяқталады. Оның аясында ауылдарға көшкен отбасыларды баспанамен және жұмыспен қамту, кәсіп бастауына жағдай жасау жұмыстары аудан әкімдіктері арқылы жүргізіліп жатыр.