Аймақ
БҚО-да 28 млн текше метр су жинайтын жаңа су қоймасы салынады
Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен өзеніне жаңа су қоймасын салу жобасы қолға алынды. Болашақ нысан 28,4 млн текше метр су жинап, мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Астана, NEGE. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, су қоймасы 12 мың гектар алқапты лиманды суарумен қамтуға мүмкіндік береді. Кейін бұл көрсеткішті 20 мың гектарға дейін жеткізу көзделген.
Жоба Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қыркүйектің соңында министрлік жобаны іске асыру басталғанын хабарлады.
Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов жаңа су қоймасын аудан үшін стратегиялық маңызы бар нысан деп атаған. Оның айтуынша, жоба ауыл шаруашылығын дамытуға, экожүйенің жағдайын жақсартуға және жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсер етуі тиіс.
Жаңа нысан – облыста қолға алынған ауқымды су шаруашылығы жобаларының бірі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бұған дейін су инфрақұрылымын жаңғыртуды өңір үшін маңызды міндет деп атап өткен.
«Су – тіршілік нәрі, су шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізі. Су инфрақұрылымын жаңғырту – маңызды міндет», – деген еді облыс әкімі.
Қазір 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға облыс бойынша 148 іс-шара енгізілген. Оның 57-сін Су ресурстары және ирригация министрлігі, қалған 91 жобаны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Жоспарда жаңа су қоймаларын салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және каналдарды реконструкциялау қарастырылған.
Соның бірі – Жәнібек магистральдық каналын жаңғырту. Қазір оның 76,3 шақырым учаскесінде, 38 гидротехникалық құрылыс пен тораптық сорғы станциясында жұмыстар жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 90 шақырымнан асатын төрт тарату каналын жаңарту көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Ислам даму банкінің қолдауымен Бітік су қоймасы мен төрт магистральдық каналды реконструкциялау да жоспарланып отыр. Министрліктің есебінше, бұл жобалар шамамен 28,5 мың гектар жердің сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік береді. Су нысандарында суды автоматты есепке алу жүйесі де енгізілмек.
Су инфрақұрылымын дамыту БҚО-ның ауыл шаруашылығы саласымен де тікелей байланысты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында облыста ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің көлемі 214,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 5%-ға өскен.