100 млн теңге пара алғаны үшін бұрынғы шенеунік сотталды
БҚО-дағы мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Ресейден Қазақстанға 1003 жүк көлігін кедергісіз өткізуге көмектескені үшін 100 млн теңге пара алды деп айыпталды.
Астана, NEGE. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.
Сот дерегінше, 2025 жылғы қыркүйек-қазан айларында бұрынғы шенеунік Ресей азаматының 1003 жүк көлігін Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттерінен кедергісіз өткізуге көмектескен. Осы қызметі үшін ол 100 млн теңге пара алған.
Бұдан бөлек, шенеунік пара берушіге оның компаниялары мен жеке кәсіпкерлерінің тәуекелдерді басқару жүйесіндегі мәртебесі туралы ақпарат берген. Сондай-ақ туындаған шектеулерді айналып өту жолдарын түсіндірген.
Ал К. есімді азамат пара беру кезінде делдалдық жасап, осы қызметі үшін 24,8 млн теңге алған.
Сот қандай жаза тағайындады?
Прокурор бұрынғы шенеунікті 12 жылға, ал делдалды 1 жыл 6 айға соттауды сұрады. Сонымен қатар екеуінің де мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыруды талап етті.
Сот прокурор сұраған жаза түрін тағайындады.
Сондай-ақ сот заңсыз алынған ақшаны мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды.
«Сот қылмыстық жолмен алынғаны анықталған ақша қаражатын мемлекет кірісіне тәркілеу және сотталғандардан заңсыз алынған ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы қаулы етті», – делінген соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.