БҚО әкімі: Ресейдегі су қоймаларынан көп су жіберіліп жатыр
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына су тасқынына қатысты қалыптасқан жағдай бойынша үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орал, NEGE. Онда өңір басшысы облыста су тасқыны қаупі әлі сейілмегенін атап көрсетті.
«Құрметті батысқазақстандықтар! Тасқын судың салдарынан өңіріміздің 5 ауданында және Орал қаласында бірнеше тұрғын үйлерді су басқан болатын. Бұдан бөлек, Орал қаласы маңындағы саяжайларға да су кірді. Жалпы облыс бойынша 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 3 мыңнан астамы – балалар. Эвакуациялық пункттерде қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмек көрсетіп жатыр. Тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешектер жеткізілуде. Кезекшіліктер ұйымдастырылып, оқушы балаларға оқу процестері онлайн форматта өтіп жатыр. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, барлық қажетті жағдайларды жасайтын боламыз», – деді Н.Төреғалиев.
Әкімнің айтуынша, Ресейдің көршілес Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберіліп жатыр. Бұл 30 жыл бұрын болған жағдайдан да күрделі. Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 431 текшеметр су түсіп жатыр.
Қазіргі уақытта су тасқынының екінші кезеңі басталды. Кеше Ресейдің Орск қаласында дамбы бұзылып, елді мекендер мен тұрғын үйлер зардап шекті. Бұл Батыс Қазақстан облысына да қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені Орынбордың Ирикла су қоймасынан секундына 2 170 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл сулар жақын уақытта Жайық өзені арқылы өтіп, Каспийге бет алады.
Бүгін Жайықтағы су деңгейі 7 метрге жуық көтерілді. Бұл қауіпті мөлшерге жақындай түсті. Осылайша, өзен суы арнасынан тасып, Оралдағы 1-ші, 2-ші, 3-ші саяжайларға су кіріп жатыр. Сондықтан қала тұрғындарының түсіністік таныту сұралады.
Сондай-ақ, Ресейдің Елек ауданының тұсында өзен суларының қауіпті деңгейі 890 см болса, қазіргі уақытта 855 сантиметрге жетті. Біріншіші, екінші, үшінші саяжай тұрғындары қала әкімдігі бекіткен эвакуациялық пункттерге немесе өздері қалаған қауіпсіз жерлерге көшуі тиіс.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына су тасқыны жағдайы бойынша үндеу жариялап, апаттан зардап шеккен әр тұрғын көмексіз қалмайтынын атап өтті. Сондықтан біз үшін жерлестеріміздің қауіпсіздігі бірінші орында деген болатын. Біз су тасқыны басталғаннан бері тасқынның алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтілген режимде атқарудамыз. Қалаға жақын Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты, оның іргесін бекітіп, қапшықтармен құм төсеп және басқа сақтық шараларын іске асырып жатырмыз. Осындай қиын уақытта облыс жұртшылығы табиғи апаттан зардап шеккен жерлестерімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытып жатыр. Қазіргі су тасқыны болған елді мекен тұрғындарына өңір кәсіпкерлері, қоғамдық бірлестіктер, бюджеттік мекемелер, еріктілер және қарапайым облыс тұрғындары қолұшын созуда. Төтенше жағдай, коммуналдық қызмет, күштік құрылымдар мамандары мен еріктілерге, сондай-ақ, жерлестеріме көмектері үшін зор алғысымды білдіремін! Осынау қиын кезеңде сабырлық сақтап, бір-бірімізге қолдау көрсетуді жалғастырайық! Сондай-ақ, су тасқыны бойынша қалыптасқан жағдай бойынша барша тұрғындар мен БАҚ өкілдерінің тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймын», - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.