11 Тамыз 16:33
...

«Біз Токионы басып оздық»: Интернеттің сапасына жаңа салынған ғимараттар әсер етіп жатыр

Фото:

Астана интернет жылдамдығы жағынан Токионы басып озды. Дәл осы мәлімдемені Бағдат Мусин журналистердің сауалына жауап беру барысында айтып қалған еді. Министрдің мәлімдемесі халықтың теріс пікірін туындатты. 

«Егер Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсек, Астана 35 позицияға көтерілді. Яғни біз отыз бес қаланы басып оздық. Біз қазір Токионы да басып оздық. Бұл рейтингті мен жасаған жоқпын ғой. Мен халықаралық рейтингке сүйенемін», - деген еді Мусин.

Министр сүйеніп айтқан Speedtest халықаралық рейтингісі қалай жүргізіледі? Біз Жапонияны қалай озып кетіп жүрміз? Министр мұнымен не айтқысы келді? NEGE-нің тілшісі Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында осы сұрақтарды қойған болатын. Сауалымызға Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің басшысы Ержан Мейрамов жауап берді.

«Ookla Speedtest  деген Халықаралық компания. Ол интернет жылдамдығының рейтингін құрумен танымал. Компания екі бағыт бойынша салыстырады. Олар: мемлекеттер арасында және мемлекет ішіндегі ірі қалалар арасында. Әдістемесіне сүйенетін болсақ, мемлекет пен министрлік жағынан немесе комитет пен операторлар тарапынан ол компанияға ешқандай ақпарат жіберілмейді. Телефонға арнайы жүктелетін қосымша бар. Сол қосымшаны пайдалану арқылы арнайы өлшемдер өткізіледі. Аталмыш өлшемдер мен ақпаратқа сүйене отырып рейтинг құрылады. Ол біз үшін тәуелсіз рейтинг. Қазір де статистиканы сайтқа кіріп көруге болады. Бұл жерде интернет жылдамдығы бойынша Астананың позициясының өсуі нақты факт. Мен өзімнің жеке пікірімді айта кетейін. Мұндай көрсеткіш бізде биыл 5G желісін орнатумен байланысты шығар деп есептеймін», – деді комитет басшысы. 

Рейтинг бойынша Токионы озып тұрсақ та Қазақстанның ірі қалаларының өзінде интернет сапасы өте нашар. Байланыс операторларының да интернеті баяу істейді. 

«Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» Бас директоры Сергей Коньков қазақстандықтардың толыққанды сапалы интернетке қол жеткізетін күнді атады. 

«Мен бұған дейін де айтып кеткенімдей, олқылықтардың орнын толтыратын бағдарламалар алдағы екі жылдың шеңберінде жүргізіледі. Бағдарлама биылғы жылдың басынан бері жүзеге асырылып жатыр. Сол себепті сапаның жақсаруы жақын арада сезіледі. Бұл жерде оның немен байланысты екеніне екі нәрсені айта кетейін. Егер нақты Астанаға байланысты айтатын болсақ, қала аумағы ұлғайып, құрылыс нысандары салынып жатыр. Біз тұрғындардан келіп жатқан шағымдардан бәрін көріп отырмыз. Арыз-шағымдардың дені жаңа аудандардан түседі. Сол себепті базалық станцияларды салу жұмыстарымен белсенді айналысып жатырмыз. Бұл біздің жұмысымыз, сол себепті мәселелердің оң шешімін табуға тырысамыз. Біздің компания туралы нақты айтатын болсақ, алдағы 6-9 айда интернет сапасының жақсарғанын байқайсыздар», – деді ол. 

Сергей Коньковтың айтуынша, интернеттің сапасына жаңа салынған ғимараттар да әсер етіп жатқан көрінеді. 

«Жаңа құрылыс нысандары едәуір мәселе туындатады. Радиосигналды таратудың өз заңдылықтары бар ғой. Мысалы, сигнал тігінен тура таратылады. Егер оның жолында жаңа ғимарат бой көтерсе, нысанның артындағы аумақта қызмет сапасы нашарлайды. Бұл жерде де желілерді оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізу керек. Қазір осындай қиындықтар туындауда. Дегенмен біз сапаны арттыруға жұмыс істеп жатырмыз» – Сергей Коньков.

Тегтер: