«Битумды сылтауратпаңдар»: Тоқаев жол сапасын қатаң сынға алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жол құрылысына қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысының айтуынша, республикалық жолдар барлық автожолдың шамамен 26 пайызын ғана құрайды, қалған жергілікті жолдар әкімдіктердің қарамағында. Енді олардың барлығына Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауап беруі тиіс.
Президент орталық және жергілікті атқарушы органдар жол мәселесін шешудің орнына жауапкершілікті бір-біріне ысырып келгенін сынға алды.
«Бізге өте сапалы жолдар керек. Битум мен қиыршықтастың сапасына сілтеме жасау қабылданбайды», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент:
- «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту жұмыстарын бастауды;
- отандық жүк тасымалдаушыларға қолдау көрсетуді;
- келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы қайта жаңартуды аяқтауды тапсырды.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушылардың үлесінде. Президент бұл жағдайды өзгертіп, отандық кәсіпкерлердің табысын арттыру қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қатысты ахуалды «масқара жағдай» деп бағалап, жұмысты жандандыруды тапсырды. Ал премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына нәтиже болмаса, қызметімен қоштасатынын ескерткен еді.