28 Мамыр 17:57

«Бишімбаевтың үкіміне қатысты апелляциялық сот маусымда өтеді» – Адвокат Ерлан Ғазымжанов

Адвокат
Фото: Фото: ғаламтордан

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс аяқталып, үкім шықса да оның адвокаттарына деген қоқан-лоққы жалғасып жатыр. Оған дәлел – Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов белгісіз адамдардан түскен түрлі хабарламадан соң полицияға арыз түсірген болатын. 

NEGE тілшісі адвокат Ерлан ҒАЗЫМЖАНОВТАН сұрап көрді.

– Есіңізде болса, сот процесі барысында судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскені туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Бұл – шамасы сәуір айының 19-ы. Сол кезде бізге де қорқыту-үркіту жасалды. Судья да, мен де бір уақытта арыз түсірдік.

21 сәуірде полиция қылмыстық істі тіркегенмен, ешкім іздеуге, анықтауға құлық танытқан жоқ. Ол кезде сот процесі жүріп жатқан соң айтпаған едім. Одан бері құқық қорғау мекемесі тарапынан ешқандай әрекет байқамадым. Судьяға қоңырау шалып, қорқытқандарды таппай жатса, менің арызым туралы айтпай-ақ қояйын. Соған қарағанда осы күйінде қалатын сияқты.

Судья
Судья А.Күлбаева. Фото: ғаламтордан

– Сонда қорқыту хабарламаларын әлеуметтік желіден жазды ма?

– Желідегі парақшаларыма әртүрлі аккаунттан хабарлама жазды. Соның бірінде «Бір күні ауруханада жатасың...» деген. Фейк аккаунттар ғой. Тағы да түрлі қорқытулар болды. Онда не жазылғанын айтпай-ақ қояйын.

– Сізге ғана ма, әлде әріптестеріңіз Рамазанова мен Құсайыноваға да келді ме?

– Оларға да хабарлама келді. Бірақ олар арыз түсірген жоқ.

Сізге қандай да бір қауіп бар ма?

– Күніне неше аккаунттан келетін. Тек судьяға белгісіз нөмірлерден қоңырау түскені туралы Жоғарғы сот айтып, қылмыстық іс қозғалғаны жария еткен соң соң маған да келетін қорқыту-үркітуге толы хабарлама толастады. Соған қарағанда судьяға да, маған да жазып жүргендер бір адам болуы мүмкін. Біреулер осындай психологиялық қысым жасауды алдын ала жоспарлаған сияқты.

Сот
Фото: tengrinews.kz

– Қазір де қоқан-лоққы жасап, жекеңізге жазып жатқандар бар ма?

– Жоқ. Сот үкімі шыққаннан кейін менің жұмысыма сәттілік тілеп, алғыс айтып жатқандар көп.

– Дегенмен, кейбіреулер адвокаттың міндеті мен қызметін түсіне бермейтін сияқты.

– Соған таңым бар. Біз тек өз міндетімізді, жұмысымызды ғана атқардық.

– Сонымен, Бишімбаев апелляциялық шағым түсірді ме?

– Кеше ғана апелляциялық шағым мәтінінің жобасын Бишімбаевқа табыстаған едім. Ал бүгін сағат бесте сот кабинеті арқылы Бишімбаевтың үкіміне қатысты апелляциялық шағымды сотқа тапсырдым. Апелляциялық сот маусым айында болады.

P.S. Судья Айжан Құлбаеваны қорқытпақ болғандар әлі табылған жоқ. Бұл туралы жақында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті. «Судья Айжан Құлбаеваның арызы бойынша біздің қалалық тергеу басқармасында екі іс бар. Екі іс тергеліп жатыр. Судьяны қорқыту және соттың шешіміне зиян келтіру мәселесі қаралуда. Тергеу басталды, кінәлі адамдар анықталады», – деді ол.