28 Ақпан 15:55

Бишімбаевқа қандай жаза тағайындалуы мүмкін? – Депутаттар пікірі

Қуандық
Фото: ғаламтордан

Депутаттар «әйелін ұрып өлтірді» деген күдікке ілінген бұрынғы шенеунік Қуандық Бишімбаевқа әділ жаза тағайындалуы керек деп есептейді.

Еске салсақ, 9 қарашада Қуандық Бишімбаев елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Қазіргі уақытта іс сотқа келіп түсті. Сонымен қатар өткен аптада Қуандық Бишімбаевтың адвокаты айыпталушы өз кінәсін мойындамайтынын айтқан. Салтанат Нүкенованың туыстары болса, оның Салтанатты қалай ұрғанынан бейнелеген таспадан үзінді жариялады. Екі жақ өкілдері де әртүрлі БАҚ-қа сұхбат беріп, уәжін дәлелдеуге тырысып жатыр.

NEGE тілшісі Мәжіліс депутаттарынан Қ.Бишімбаевтың ісіне қатысты пікірін сұрады.

Абзал Құспан: Сот шешімі әділетті болатынына сенімдімін

депутат
Фото: ғаламтордан

– Сот шешімі қалай болатынын нақты айту қиын. Десе де, әділетті сот шешімі шығатынытына сенімдімін. Қоғамдық резонанстың ерекшелігі мен ықпалы сол, қоғам тарапынан ерекше бақылауға алынған істерге әділетті шешім шығып жатады. Оған өткен сот процестерінен көп мысал келтіруге болады.

Қазіргі уақытта бұл істі соттар да, болашақта іріктелетін алқабилер де көріп отыр. Жалпы қоғам болып бақылауда ұстағандықтан, Бишімбаевқа қатысты әділетті сот актісі шығатынына толық сенімдімін.

Бұған дейін Бишімбаев сотталып, бірақ мерзімінен ерте шығып кетуіне соттың немесе басқа да құқық қорғау органдарының қатысы жоқ. Сол кезде, яғни ескі Қазақстан жүйесінде президент жанында комиссия болды, қазір де ол комиссия бар, бірақ ондай деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Оны Үкімет жанындағы ақтау жөніндегі комиссиясы босатты. Қуандық Бишімбаевтың бірер жылдан кейін шығып кеткені де сол. Сотта іс жан-жақты қаралады, прокурор мен қорғаушылар сөйлейді. Басқа да іс материалдары зерттеліп, зерделеніп барып, жаза тағайындалады. Ал коммисияда кім қарап жатыр, қалай қарап жатыр, белгісіз. Ашықтық жоқ. Кім бұрынғы президент, елбасына жақын болды, сол адамдар ерте шығып кететін мүмкіндік болды. Қысқасы, кім Назарбаевтан кешірім сұрайды – сол шығады, кім кешірім сұрамайды – ол шықпайды.

Бишімбаев сияқты ұзақ мерзімге сотталып, түрмеден әлі шықпаған адамдар бар. Өйткені олар кешірім сұраған жоқ. Егер олар дәл сол кезде кешірім сұраған болса, Бишімбаев сияқты бір-екі жылда шығып кеткен болар еді. Мысалы, Талғат Ермегияев. Адамның кінәлі не кінәсіздігін сот анықтауы тиіс, жазаны тек қана сот кесуі керек және оның орындалуы соттың бақылауда болуы қажет.

Ринат Зайытов: Ақпараттық соғыста жәбірленуші тарап жеңіліп жатыр

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Бишімбаевтың ісіне қатысты қоғамдағы дау-дамай сот шешіміне әсер етуі мүмкін. Қуандық Бишімбаев – кезіндегі жүйеде жұмыс істеп, жалпы қоғамды қалай алдаусырату, қоғамдық пікірді қалай бұру керек екенін өте жақсы меңгерген адам. Менің ойымша, С.Нүкенованың туыстары тарапына жасалып жатқан шабуыл сол әулеттің қоғамның арасындағы пікірді қалай бұрмалауға болатынын жақсы меңгергенін көрсетіп тұр.

Бүгін оның бауыры қызын зорламақшы болды деген бе, адамның аузы бармайтын қылмысқа қатысы бар деген сияқты тағы бір әңгімелер шықты. Менің ойымша, ондай кісі өлімі болған, дәлелі бар қылмыстық істерде қандай да бір ақталудың болуы мүмкін емес. Бишімбаев пен Нүкенованың отбасы арасында ақпараттық қақтығыс болып жатыр ғой. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ақпараттық соғыста жәбірленуші тарап ұтылып жатыр деп ойлаймын.

Біздің сот жүйесі де қазір жеке мемлекет сияқты жұмыс істейді. Сотты ашқысы келсе – ашады, жапқысы келсе – жабады.

Дәулет Мұқаев: Күші тасып бара жатса, Головкинмен шықсын

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Бұл іс тіпті президенттің де назарында тұр. Бас прокуратура болсын, Үкімет болсын, сондай-ақ біздің де назарымызда. Сондықтан да ол өзінің әділ жазасын алуы керек деп есептеймін. Заң алдында барлығы бірдей болуы тиіс. Экс-министр, болмаса білімді азамат немесе басқа да уәж қаралмауы керек.

Мұндай қылмыс жасаған адамды қай жағынан болсын ақтау дұрыс емес. Адам өлтіру ғана емес, тіпті қасақана ұрып-соғу кешірілмейтін нәрсе.

Менің де екі қызым, қарындасым мен анам бар. Мұндай нәрсені кешіруге болмайды. Әйел адамға қол көтеретін адамның өзі – әлсіз. Күші тасып жатса, спортзалға барсын, күреске барсын, Головкинмен шықсын. Сондықтан да мықты адамның әлсіз адамға қол көтеруі – өзінің әлсіздігінің белгісі.

Нартай Аралбайұлы: Соттан әділдікті талап етеміз

Депутат
Фото: ғаламтордан

– Сот біздің түпкілікті инстанция болғандықтан, біз оның әділдігіне сүйенуіміз керек. Сот деген принципті түрде, концептуалды түрде дәлелдерге сүйеніп, ақты – ақ, қараны – қара деп ажырататын орын деп білемін.

Қоғамда әртүрлі пікір бар. Бірақ бұл үлкен резонансты іс дейтұрғанмен, нақты ақ-қарасын ажыратып, қазақтың қызын айуандықпен өлтірген адам жазасын алуы керек деп есептеймін. Өте қатал жаза болуы керек. Бірақ бұның барлығын сот процессінде дәлелденуі керек.

Мен ақпарат саласының өкілі болған соң, әр түрлді ақпаратты көріп жатырмын. Адамдардың ар-ожданы білуі қажет. Мен депутат ретінде де сот процессіне араласуға құқығым жоқ. Ең бастысы, сот ашық болса, айтылып жатқан мәселелер мен көрсетіліп жатқан дәлелдер қоғамға анық болмаса, артық сұрақ туындамайды деп ойлаймын. Еркектің әйелге, әйелдің еркекке қол көтеруі дұрыс емес. Нақты статистика бойынша көп жағдайда ер азаматтар әйелге күш көрсетеді. Жалпы Қазақстан Республикасында адамның адамға зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуіне, қол жұмсауына мүлдем құқығы жоқ. Сондықтан адамның құқығы біз үшін бірінші орында. Адамның құқығына қол сұққан тіпті өлтіруге дейін барғандар заң алдында өте ауыр жаза алуы керек деп санаймын.

P.S. Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісі қабырғасында «әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша» заң жобасының екінші оқылымы өтті.

Заң жобасы әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға және болдырмауға арналған. Заң жобасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, он алты жасқа толмаған азаматтарға сексуалдық сипатта қорлап тиісу, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау мәселелері және басқа да іс-әрекеттерді криминализациялау көзделген.