«Бишімбаев қарт әке-шешесімен жиі кездескісі келеді» – Адвокат
Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен «әйелін аса қатігездікпен өлтірді» деп айыпталып, 24 жылдық қатаң жазасын Степногорскідегі түрмеде өтеп жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаев сотқа шағым түсірді. Себебі, оған түрме әкімшілігі жеңілдік жасамай қойған.
Алайда, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотталғандарға жазаны өтеу тәртібі бұзылған жағдайда көтермелеу шаралары берілмейді.
«Сотталушы тарапынан бір заң бұзушылық болғаны ескеріліп, оған көтермелеу шарасы қолданылмаған. Сол себепті сот сотталушының талап арызын қанағаттандырмады», – делінген дейді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түсініктемесінде. Бірақ комитет Бишімбаевтың нақты қандай заңбұзушылық жасағаны туралы айтпады.
Бұл жөнінде мән-жайды NEGE тілшісі экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан ҒАЗЫМЖАНОВТАН сұрап білді.
– Бишімбаевқа өткен аптаның жұма күні бардым. Степногорск қалалық сотының 3 ақпан күні шығарған «Бишімбаевтың шағымын қанағаттандырусыз қалдырған» қаулысымен танысып, апелляциялық шағым түсіру материалымен таныстым.
Түрме әкімшілігі Бишімбаевқа басқалармен тең қарамайды. Оған жеңілдік беруге кедергі келтіреді. Негізі түрмеде жақсы жағынан көрініп, шараларда белсенді болып жүрген сотталушылардың бәріне беріледі. Ол адам қатаң режимде бола ма, жалпы режимде бола ма, бәрібір.
Мәселен, Бишімбаев бірқатар тәрбиелік шараға қатысты. 30 тамыз – Конституция күнінде шахмат бойынша жарысқа қатысып, 1-орын алды. Ал халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай сотталушылардың алдында осы тұлғаның өмірі мен ерлігі туралы әңгімелеп берді. Ол өзін өте жақсы ұстап жүр. Алайда, түрме әкімшілігі үш ай ішінде, яғни 2024 жылдың 18 шілдесі 18 қазаны аралығында жеңілдік беруі тиіс болған. Бірақ 18 қазаннан бері тек уәде беріп келген. Соған қарамастан Бишімбаев тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен бірқатар шараға белсенді қатысты. Одан кейін ол Степногорск қаласының прокуратурасына шағым түсірді. Соған ерегісіп алған түрме әкімшілігі «Бишімбаев заңсыздық әрекет жасады» дегенге алып келген.
Бишімбаевтың айтуынша, түнде тісі ауырып, дәрі ішпек болып тамақтанатын жерге барған. Дәрі әсер еткенше сол жерде кітап оқып отырыпты. Міне, соны видеоға жазып алған. Артынан Бишімбаев шағым түсірген кезде осы видеоны көрсетіп «Ол 7 желтоқсан күні тәртіп бұзды. Соған байланысты белсенді болса да, оған жеңілдік қарастырылмады» деген.
Десе де, олар да адам ғой. Түнде дәретханаға барады, су ішеді, біреуі теледидар қарауы, кітап оқуы мүмкін. Оларға бұл жағынан ешқандай кедергі жоқ. Қуандық та соның бірі. Бірақ ас ішетін бөлмеде кітап оқып отырғанын желеу етіп, «тәртіп бұзды» дегенін түсінбедік.
Біз Степногорск қаласының прокурорына «Түрмеге тексеру жүргізіп, сол күні және аптаның басқа күндері не болып жатқанын барлық камерадан қараңыздар» десек, тексергісі келмейді. Сотқа шағымдандық, олар да құлықты емес. Алайда, Бишімбаевтан кейін келген сотталушылар ешқандай шараға қатысып, белсенділік танытпаса да, жеңілдікке ие болған. Неге Бишімбаевқа бермейді?
Қазір оған бұл жеңілдік өте қажет. Негізі сотталушыға үш айда бір рет жеңілдік беріледі. Егер оған жарты жылда алуы тиіс жеңілдікті бүгін берсе де, келесісін тек 3 айдан кейін ғана алады. Егер тиісті жеңілдік берілсе, оған қарт ата-анасымен жиі кездесуге мүмкіндігі туар еді. Анасы – 74, әкесі – 79 жаста. Әкесі қатерлі дертке шалдыққан. Оның осы бір жеңілдікті алуға тырысып жүргені де сол. Ата-анасының өмірінің соңғы жылдарында жиі кездескісі келеді. Алайда, неге екені белгісіз, түрме әкімшілігі әдейі кедергі жасап бағуда. Олар «Басқаларға жеңілдікті оңай бере саламыз, ал саған олай болмайды» деген қыр көрсетті. Ол заңды сақтап, тәртіпті жүр. Сәйкесінше, оған да солай қарым-қатынас жасағанын қалайды. Бірақ жергілікті сот та, прокуратура да ешқандай шара қолданбай отыр, – дейді Е.Ғазымжанов.
Айта кетейік, «әйелін аса қатігездікпен өлтірді» деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.