20 Қазан 15:33
...

Біртанов және оның командасы: Іс НЕГЕ құпия?

Фото:

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметінен кеткелі бері одан ресми хабар жоқ. Жұрт құлағына жеткен деректің бәрі – инсайдерлік деңгейде. Алайда Nege.kz тілшісі Е.Біртановқа қатысты кейбір там-тұм мәселені анықтады.

Тұрақты оқырманымыздың хабарлауынша, Е.Біртанов қазір ел аумағынан шыға алмайды. Өйткені Антикордың оған қояр сұрақтары аз емес. Бұған дейін бұрынғы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевті де құзырлы орган қызметкерлері әуежайдан қайтарғаны белгілі болған. «Время» тілшісі М.Козачковтың «Американская мечта» материалында Сағадиевтің не себепті АҚШ-тағы оқуына бара алмай жүргені айтылды.

Бізге жеткен ақпарға қарағанда, антикоршылар Е.Біртановты да бірнеше рет әуежайдан қайтарған. Алайда әзірге оған нақты статус берілмегенге ұқсайды. Жай куәгер ме, қорғануға құқығы бар куәгер ме, әлде күдікті ме, ол жағы белгісіз.

Біртанов министрліктен маусым айының соңында кетті. Ал орынбасары Олжас Әбішев шілденің аяғында жұмыстан қуылды да, тамыздың басында тұтқындалды. Оған «бюджет қаржысын жымқырды» деген айып тағылды.

О.Әбішев

Көп ұзамай Біртановтың тағы бір орынбасары қызметінен босады. Сәуірде ғана Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған Людмила Бюрабекова бес айдан соң «өз өтініші бойынша» қызметінен кетті.

Л.Бюрабекова

Бюрабекованың бұл кетісі істің соңы емес екен. 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың маусымы аралығында Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған, маусым айынан күні кешеге дейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасын басқарған Камалжан Надыров та кеше қызметінен босады. Ресми ақпаратқа сенсек, ол да «өз өтініші бойынша» кеткен.

К.Надыров

Ал бейресми ақпарат көзі жоғарыда сөз болған кейіпкерлердің бәрін Олжас Әбішев құлаған «ордың» жағалауына әкеп тізіп қойды...

Бұрынғы министрдің ізін ала вицелер неге шетінен қызметінен босады? Олжас Әбішевтің  ісіне бұлардың қатысы бар ма? Біртановты не себепті елден шығармады? «Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық сатып алу кезінде ұрланды» делінген 1,5 млрд теңгенің жайы қандай?

Осы сұрақтарымызға жауап алмаққа тілшіміз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Диалог төмендегідей болды:

Тілші: – Олжас Әбішевтің ісіне Біртанов, Бюрабекова, Надыровтың қатысы бар ма?

Антикор: – Әзірге бұл туралы ешқандай мәлімет айта алмаймыз.

Тілші: – Ал егер ресми сауал жолдасақ, нақты жауап ала аламыз ба?

Антикор: – Жоқ, әзірге бұл сауалдарыңызға жауап бермейміз.        

P.S. Бір нәрсені айта кеткен жөн, өзге күштік құрылымдарға қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі тәуір жұмыс істейді. ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес, тергеп-тексеру деректерін жария етпесе де, біз үшін осының өзі дерек...

Тегтер: