8 Маусым 12:16

«БІРЕГЕЙ»

Фото:

Мемлекет және қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы туралы «Бірегей» деп аталатын деректі фильм түсірілді.

Алматы, NEGE. Фильм авторларының бірі, белгілі журналист Сансызбай Өкенұлының айтуынша, деректі фильм былтыр –Р.Сәрсенбайұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында дайындалған.

«Былтыр басталған дүние еді өзі... Рысбек ағамыз 70-ке толғанда жарқ еткізсек дегенбіз. Бірақ болмады. Болмаған себебі, «сыртынан» әлдене әзірлеп жүргенімізді сөз ыңғайымыздан сезді ме, «қойыңдар» дегенді қабағымен ұқтырған.

Өйткені бұл кісі мерейтой тойлауға құлықсыз. Мадақ-марапатты жаны сүймейді. Мақтау естуді арына жүк санайды. Бір белес аттаса, әкім-сәкімдерді жағалап, шапан киюді аңсап тұратын ағаларымыздай емес.

Бар ниет-пейілі – халықтық мүдде. Елдің несібесін жеген ынсапсыздармен өрттей өш. Нұрзаманның дүрілдеп тұрған кезеңінде де аждаһаның айыбын бетіне басып тұрып сан рет айтқан БІРЕГЕЙ тұлға. Шын мәнінде БІРЕГЕЙ. Шын мәнінде халықшыл.

Рысбек ағамыз бүгін 71-ге толды. Осы сәтті пайдаланып, қаңқасы былтыр қаланып қойған шағын дүниемізді ол кісінің келісімін алмай-ақ жұртқа жариялап жіберуді жөн көрдік. Заман жылғы архивін ақтарып, құнды суреттерін ұсынған Асылхан Абдырайым көкеме көп рахмет! Ағаның тәлімін көрген, Рысбек ағаның сарбазы болдық деп мақтанышпен айтатын Дәнеш Асқарбекұлы, Ерік Рахым бауырларым осы дүниенің жарық көруіне көп күш салғанын ескерте кетейін», – деп жазды С.Өкенұлы.

Тегтер: