15 Наурыз 09:05
...

Бір отбасын қырып салған Спартактың сұмдығы

Фото:

2010 жылдың қыркүйек айында бүкіл Қазақстанды дүрліктірген сұмдық оқиға болды. Тапайдың тал түсінде болған қанқұйлы қылмыстан бір отбасы мүшелері түгел өлтірілді. Қылмыстың соншалықты қатігездікпен жүзеге асқаны сондай, талайды көрген құқық қорғаушылардың өзі алғашқыда тіксініп қалған еді.

23 қыркүйек күні Тараз қаласының 5-ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен қанға бөккен төрт адамның мәйіті табылды. Қылмыс болған пәтерден зорлық-зомбылық пен қарақшылық шабуылдың сан түрлі белгісі бірден байқалды. Бірақ қылмыскерлердің неше адам екенін болжау аса қиын еді. Және олардың марқұмдарды не үшін мерт қылғаны да жұмбақ болатын.

Жедел тергеу тобының алғашқы мәліметтері бойынша марқұм Майя Куликтің кәсіпкер екені анықталды. Қазыбек би көшесіндегі «Скарлетт» сауда үйінде оның бірнеше дүкені болған. Негізінен әйелдердің лыпасын саудалаумен айналысқан Кулик бірнеше адамды жұмыспен қамтыған екен. Былайша айтқанда, ауқатты тұрған. Оқиға марқұмның бизнесімен байланысты болуы мүмкін деген жорамал барған сайын күш ала бастады. Сан түрлі болжамдар жасалды. Күдік ұйымдасқан қылмыстық топтарға ауды.

Дегенмен қанды қылмыстың ізі суымай ашылды. Себебі бастапқыда өлді делінген жәбірленушілердің бірі ауруханада тілге келді. Төрт адамға оқ атып, кәсіпкердің ірі сомадағы қаржысы мен алтын бұйымдарын алып кеткен Спартак Клецов екі күннен кейін Шымкент қаласынан ұсталды. Бірақ бұған дейін  де ұрлық жасағаны және әйел зорлағаны үшін екі рет сотталып келген ол айыбын бірден мойнына алмады. Алғашқыда қылмысқа мүлде қатысым жоқ деп ақталса,  кейін «мені осы әрекетке қылмыстық топтар мәжбүрледі» деп түлкібұлаңға салды. Оның оқиға орнына келгенде де, қазір айтқан сөзінен қазір айнып жатқанын мына пікірінен көруге болады. 

 

Спартак Клецов әйелі екеуі 2009 жылы Майя Куликтің дүкеніне сатушы болып жұмысқа орналасып бір жылдан кейін өз еркімен жұмысынан босайды. Осы аралықта Майя Куликтің пәтеріне сан мәрте келген. Яғни, оның ауқатты тұратынын, ақшалы адам екенін өте жақсы білген. Ал көзіне қан толған 22 қыркүйек күні кәсіпкердің үйіне 7 оғы бар «ИЖ-70» тапаншасымен қаруланып келеді. Үйде ешкім жоқ екенін білген соң, сыртта тұрып күтеді. Кәсіпкер Мая Куликтің 16 жастағы қызы – Маргарита Куликтің пәтерге кіргенін көреді де, қоңырау түймесін басады. Танитын болғандықтан  еш күдіктенбей есік ашқаны – Маргаританың ең үлкен қателігі еді.

Бұл қаршадай қызды ұрып-соғып ақша талап етеді. Тапаншамен ұрып, басын жарады. Бейшара қыздың қорыққаны сондай, ол анасының ұзын-саны 13 дана алтын бұйымдары мен қымбат әшекейлерін қылмыскердің қолына ұстатқан. Кейбірінің бағасы 800 АҚШ долларынан асып кететін бұл бұйымдардың жалпы құны 1 миллион теңгеге жуық. Бірақ ашкөз азғынға бұл да аз көрінген. Сосын қыз тығулы тұрған 658 мың теңгені де қылмыскердің қолына ұстатуға мәжбүр болады.

(Фото: Маргарита Кулик-Евгений Кочергин)

Қызға білгенін істегеннен кейін аяқ-қолын байлап, дыбыс шығармас үшін аузын таңып тастайды да, анасын күтеді. Алайда бұл жолы есік қаққан Майя Кулик емес, Маргаританың жігіті – Евгений Кочергин мен оның досы Данияр Толқынбеков еді. Бұл саспайды. «Үйге кіріңдер, Маргарита төргі бөлмеде» дейді. Екеуі қасынан өткен бойда, бір қолымен есікті жауып, екінші қолымен соңғысының арқа тұсынан атып жібереді. Осы сәттегі сұмдықты қылмыскер тергеп-тексеру кезінде былай түсіндіріп берген еді.

Кочергинді артынан қуып барып, тапаншамен қорқытқан Клецов оның да қол-аяғын байлап тастайды. Кіреберіс қанға малшынбас үшін Толқынбековті сүйреп, дәретханаға кіргізген. Сосын «Женяны өлтірмеші» деп жалынған қыздың шырқырағанына қарамай, Кочергинді үтіктің бауымен буындырады.

Кочергинді өлтіріп, Толқынбековті де өлдіге санаған Клецов Маргаританы тірі қалдырып, оның анасын күтеді. Майя Кулик сағат кешкі 8-дерде үйіне келген екен. Бірақ ол қаны қарайған қылмыскерге үйден басқа ақша тауып бере алмайды. Кәсіпкерді қызының көзінше атып тастаған Клецов артынша Маргаританы да өлтіреді. Сосын әсіре сақ қылмыскер Толқынбековті тағы бір мәрте көру үшін дәретханаға кірсе керек. Ол қорылдап жатыпты. Көзіне әбден қан толған Клецов «өмір сүргің келе ме?» деп сұрайды да, «жоқ, сүре алмайсың» деп басына тапанша тақап тұрып атып жібереді. Осы бір сәтті тергеушілер қылмыскерден қайта-қайта сұрады.

Тергеушілердің тәптіштеп сұрауының себебі бар. Өйткені Куликтер отбасына еш қатысы жоқ, оқиғаға кездейсоқ ұшыраған әрі тірі қалған жалғыз адам осы Толқынбеков еді. Сот сараптамасындағы деректерге қарағанда, оқ бастың жұмсақ еті арқылы өткен де, адам өміріне қауіп төндіретін тіндерін зақымдамаған. Құдіреттің күші деген осы болар, қатігез қылмыскердің өлтіргеніне еш күмәні болмаған құрбаны тірі қалып, барлық сұмдықтың жай-жапсарын ашып берді. Ал Спартак Клецов өмір бойына түрме жазасына кесілді.

Тегтер: