12 Ақпан 17:30

Бір әнмен танымал болған өнер иелері кімдер?

Фото:

«Әннің бағын әнші ашса, әншінің бағын ән ашады» деп тегін айтылмаса керек. Отандық шоу-бизнесте қалың көпшілікке танылған өнер иелері баршылық. Ендеше, назарларыңызға «Бір әнмен жұлдызы жанған»  әншілерді ұсынамыз.

Кез келген концертінде ине шаншар орын болмайтын Қайрат Нұртастың алғаш 2006 жылы орындаған «Арман» әніне тыңдармандар жоғары бағасын берді. Осы әнмен халық арасына кеңінен танылды. Хитке айналған туындыны белгілі сазгер Бауыржан Есебаев жазған. Уақыт өте келе, Қайрат «Ауырмайды жүрек», «Сен де, мен де», «Алматы түндері» әндерін орындап, мега жұлдызға айналды.

Айта кетейік, сазгер Бауыржан Есебаев берген сұхбатында  «Арман» әнін осыдан 16 жыл бұрын 600 долларға бағалағанын айтқан болатын. Ал «Ауырмайды жүректі» 500 долларға  сатқан.

«Вальс» әнімен көрермендердің жүрегінен орын алған әнші Нұрболат Абдуллин де өнер әлемінде көш бастап тұр. Оның танымалдылығын арттырған «Сен қорқақсың» әні тыңдармандар арасында жоғары сұранысқа ие.

Ұлы дала баласы атанған Төреғали Төреәлі «Бол қасымда» әні арқылы өнерде тасы өрге домалады.

22 жасында сахнаға шыққан Ернар Айдар ең  алғашқы әнін әкесіне арнаған. Өнердегі ұстазы Қуаныш Құрманбаев ұсынған «Асыл әке»  әнін Ернар алғаш рет әкесінің туған күнінде шырқаған екен. Араға біраз уақыт салып, Қуаныш Құрманбаев Ернарды белгілі композитор Бауыржан Есебаевпен таныстырады. Сазгердің «Жарығым-ай» әні жас өнерпаздың бағын ашқан туынды болды. Ән  хитке айналып, тыңдармандардың жүрегіне жол тапты.

Республика сарайында жеке шығармашылық кешін өткізген Әбдіжаппар Әлқожаның «Тәтті ару» әні арқылы танымалдылығы артты. Бүгінде өнер иесі хитмен әншілердің қатарында.

2007 жылы «Ақмаржан» әні тыңдарманға ұсынылып, Заттыбек Көпбосынұлы көпшілікке таныла бастады. Шымкенттің тумасы танымал болмас бұрын «Шаншар» әзіл-сықақ  театрында шағын эпизодтарда ойнаған. Мектепте музыка пәнінен мұғалім болған. Журналистерге берген сұхбатында Заттыбек Көпбосынұлы «Ақмаржан»  әнін Алланың өзіне берген сыйы екенін айты.

Асхат Тарғын  халық арасында «Чип-чип» әнімен танылғаны жасырын емес. Шалқардың тумасы танымал болмас бұрын 14 жыл бойы асаба болған. Беташар өткізген. «1999 жылдан бері келіндердің бетін ашып келемін. Шыны керек, «Чип-чип» әнімен танылғанға дейін бет ашып жүрдім. Бүгінде көрермендер келіннің бетін ашатынымды білмейді. Қазір оған қолым тие бермейді. Десе де, келіннің келіп бетін ашып бер десе дайынмын», - дейді Асхат Тарғын.

2013 жылы «Аспанға қараймын» әні шығып, бірден хитке айналды. Бүгінде әнбейнебаян Youtube желісінен 13 миллион аса қаралым жинады. Абай Бегей танымал болмас бұрын түрлі байқауларға қатысып, көп еңбектенгенін айтады.

«Аспанға қараймын әніне дейін жолым болмай келді деуге болады. Қандай қиындықтардан өткенімді көп адам біле бермейді», - дейді Абай Бегей. Сонымен қатар эстрада өкілі танымал болғанына қарамастан өзіне түрлі сын айтылатынын жеткізді.

Өнерімен, репертуарындағы әнімен тыңдарманның көңілінен шыққан тағы бір өнер иесі - Мұхтар Ханзада. Киелі сахнада «Шаршама, тек шаршама» деп шаршамай  ән шырқағандығының арқасында танымал болды. Өнерпаз репертуарындағы туынды хитке айналады деп ойлаймаған.

 

Тегтер: