Былтыр бала туу саны артқан ба?
2020 жылы елімізде бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 24 739 сәби артық дүниеге келді.
Алматы, NEGE. Бұл туралы Ана өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың көшпелі отырысында айтылды. Республикалық штабтың көшпелі отырысын Ақтөбе облысына сапармен барған Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният өткізді. Кеңеске 17 өңір әкімінің орынбасары, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары және олардың босандыру ісі бойынша орынбасарлары, АГПҒО және АБҰО, медициналық ЖОО кафедрасының меңгерушілері, медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. 2020 жылы босанғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 298-ге артып, 24 739 бала туды, жүкті әйелдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 147-ге көп. А.Ғиният атап өткендей, Мемлекет басшысы ел алдына аналарға сапалы медициналық көмек көрсету бойынша жаңа міндеттер жүктеді. Президент перзентханаларда жағдайы ауыр науқастарды емдеуге арналған жабдықтар мен шығын материалдары жеткіліксіз болғандықтан, ана өлімінің деңгейі жоғары екенін айтқан еді. «Мемлекет басшысы Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, барлық денсаулық сақтау ұйымдарын қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар, босандыру және реанимация қызметтеріне назар аудару, оларды медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен және бұйымдармен жабдықтау бойынша шаралар қабылдауды бұйырды», - деді вице-министр. Қазақстан Республикасының алдында қызмет көрсету сапасын жақсарту және ана денсаулығын қорғау саласында үлкен және күрделі міндеттер тұр.
Әлемнің барлық елінде, соның ішінде Қазақстанда, COVID-19 пандемиясы салдарынан денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы ауырлады, бірінші кезекте әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек зардап шекті, салдарынан елімізде аналар арасындағы ауру мен өлім-жітім өсті. «Былтыр жазда ана өлімі күрт өсті және бұл COVID-19 коронавирус инфекциясы ауруының асқынуымен байланысты, осы кезеңде ана өлімі жалпы қайғылы жағдайдың 66% құрады», - деді А.Ғиният.