«БЫЛШИЫП отырып алады...» Әртістің депутат болғанын әріптестері НЕГЕ қолдамайды?
аурызда өтетін сайлау науқанына өнер адамдары да қатысуға ниетті. Жалпы, Мәжіліс пен мәслихаттарға кімдер баруы керек? Өнер адамының депутат болғаны дұрыс па? Осы сұрақ қазір қызу талқыланып жатыр.
ҚР Халық әртісі Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ бірмандаттық сайлау округі бойынша құжат тапсырса, белгілі айтыскер ақындар – Аманжол ӘЛТАЕВ пен Ринат ЗАЙЫТОВ және «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен ЕЛЕУКЕН Аманат партиясының атынан, ал продюсер Нұрлан ҚОЯНБАЕВ «Республика» партиясынан сайлауға түспек.
NEGE тілшісі өнер адамдарына хабарласып, әріптестерінің саясатқа араласқанын қаншалықты құптайтынын сұрады.
Шаһизада БАЙПАТШАНОВА, ҚР Мәдениет қайраткері, эстрада әншісі:
Әркім қолынан келетін іспен айналысқаны дұрыс
– Өз басым өнер адамдарының саясатқа араласқанын құптамаймын. Осыған дейін де ол жерде талай отырды ғой билікте. Өзгені білмеймін, өзім олардың жаңалық ашқандай ауыз толтырып айтатын дәрежеде атқарған тірліктерін көрмедім.
Әркім табиғат берген талантын шыңдап, қолынан келетін іспен айналысқаны дұрыс. Сондықтан өнер адамының депутат болғанын қолдамаймын.
Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Дос-Мұқасан ансамбльнің солисі:
Былшиып отырып алады...
– Осы уақытқа дейін Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, Бекболат ТІЛЕУХАНДАР депутат болды ғой. Тағы да сондай біреулер барса, өнерге ешқандай жәрдемі жоқ, былшиып отырып алады. Қала берді өзінің жағдайын жасап, екі қабатты үйін тұрғызып алар. Дегенмен, Өнербаев жанашырлық танытып, өнердің айналасындағы мәселелерді қозғады. Содан болар, оны депутаттықтан алып тасатады.
Бұдан түсінгенім, парламентте проблемаларды айтпай, биліктің айтқанын ғана мақұлдап, үндеместен қолын көтеріп қана отыру керек екен. Ал шын мәнінде оларды бұқара халық мәселелерін жоғары билікке жеткізсін деп сайламай ма? Үміткерлер о баста елдің алдында «барған соң бәрін гүлдендіреміз» деп сайрайды, ал өтіп алған соң тып-тыныш жалақысын алып отырады.
Ақ жейдесін киіп, галстугін тағып, әп-әдемі болып отыру үшін ғана барса, ондай үміткердің өтпегені жақсы. Сондықтан мен аталғандардың біреуін де мақұлдамаймын. Дегенмен, кімнің кім екенін уақыт көрсетеді.
Айгүл ҚОСАНОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
Пәленді немесе түгенді қолдаймын дей алмаймын
– Додаға түсу әркімнің өз таңдауы ғой. Осы уақытқа дейін ол жерде талай адам отырды. Бірақ өз басым өнер адамдарының қолынан түк келмейді деп айта алмаймын. Бәлкім, өнерге деген жанашырлық танытып, онысын іспен дәлелдер. Басқа саланың өркендеуіне септігін тигізбесе де өзі білетін өнердің өркендеуіне пайдасын тигізер деп пайымдаймын.
Десе де мен пәленді немесе түгенді қолдаймын деп айта алмаймын. Дауыс беріп, таңдауға салатын халық қой.
Ғани ҚҰЛЖАНОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері:
Қолдауға лайық аға-інілеріміз бар
– Негізі әркімнің өзінің жанына жақын дүниемен айналысқаны жөн бе деймін. Мұны басшылық қызметте болған адам ретінде айтамын. Ал егер халықтың сөзін сөйлеп, мәселесін трибунада көтере аламын десе, онда әріптестерімді қолдауға әзірмін. Әйтпесе мансап пен атақ қуып барудың қажеті жоқ. Себебі, оның бәрі өткінші дүние.
Кейде депутаттыққа талпыныс – жақсы жалақыға талпыныс сияқты көрінеді. Себебі, оның айналасында қаншама қаражат бөлініп жатыр. Бірақ осы жолы өнерде өзіндік орыны бар біраз аға-бауырларымыз үміткер болып отыр екен. Олардың ішінде қолдауға лайық азаматтар бар.
Досымжан ТАҢАТАРОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі:
«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын»
– Өнер адамдары бұған дейін де Парламентте отырды ғой, сондықтан ол ешкімге таңсық дүние емес. Дегенмен, мына әріптесімді қолдаймын, ананы қолдамаймын деп бөліп-жара алмаймын. Әрқайсысының өнерде алатын өзіндік орыны, қолтаңбасы бар. Тұңғышбай ағамыз қазақ театрының марқасқасы болса, Есеннің жастарды соңынан ерте алатын қабілеті бар. Ал Ринаттың арқалы ақын екенін жұрт жақсы біледі. Осы тұлғалық қасиеттеріне орай әрқайсының өзіндік айтар ойы бар деп пайымдаймын.
«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген ғой. Өз маманы өнер мен мәдениеттің сойылын соғып жатса, оның бізге пайдасы болмаса, зияны тимесі анық. Бұған дейінгі заманда да суырылып алға шығып, елдің мұң-мұқтажын көксеген де сол өнер адамдары ғой. Сондықтан әріптесетеріме сәттілік тілеймін!