USD
USD
USD

Біліктілікті арттырған білім бәйгесі мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының ұйымдастыруымен 19-21 сәуір аралығында дәстүрлі ХV республикалық пәндік олимпиада болып өтті.

Біліктілікті арттырған білім бәйгесі мәресіне жетті
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Олимпиадаға республиканың түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарынан 12 команда келіп қатысты. Республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздарын анықтау үшін құрылған қазылар алқасына белгілі профессор, ф.ғ.д., ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры Нұрмұратов Серік Есентайұлы төрағалық етті. Студенттер 3 тур бойынша бақтарын сынады. Ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған теориялық, практикалық, шығармашылық тапсырмалар сайыстың көркін қыздыра түсті. 

Командалар өздерінің философиялық қызығушылықтарын сипаттай отырып, жеке қасиеттерін де жан-жақты таныстырып өтті. Студенттердің бірнеше тілді қатар меңгеріп, өз ойларын жетік жеткізе білуі қазылар алқасының жоғары бағаларымен бағаланып отырды. Екінші турда команда мүшелері ұйымдастырушылар тарапынан қойылған қызықты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің сана тұңғиықтарының қаншалықты деңгейде терең екендігін көрсетуге мүмкіндік алды. Философия саласын өнердің тылсым күшімен ашу олимпиадада бұрын соңды қолданылмаған тәсіл. Десе де, әр жоғары оқу орнының үмітін үкілеп келген командалар бұл сайыста да бұғып қалмады. Дәстүрлі қазақ ой-танымында тереңдік пен көркемдік, суырып салма шешендік пен ақындық, сын мен салмақты сұхбат та болған.

Осы ізгі дәстүрді жалғастырған жастар ән, жыр, күй, пәлсапалық көрініс, қара өлең жолдары арқылы баршаға философиялық ой тастап, тамашалап отырған көрерменнің ризашылығына бөленді. Өз оқу орындарының кіл мықтылары бар күштерін салып, дайындықтың жоғары деңгейін көрсете білді. Олимпиада соңында 6 түрлі жүлделі орын тағайындалып, қалған командаларға арнайы номинациялар белгіленді. Осылайша, жүлделі 1 орынды ҚазҰУ «Инь-ян» командасы, 2 орынды: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Икигай» командасы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Инь-ян» командасы өзара бөліске салды. 3 орынды: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Апория» командасы, Қ.И.Сәтбаев атындағы университеті «Science lab» командасы және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан құралған «Өнер майталмандары» командасы еншіледі.
Олимпиада тек қана студенттердің білім сайысы емес, олардың өзара танысу, түрлі тақырыптарда пікір алмасу алаңына айналды. Мұндай жиындар студенттерді басқа қырларынан танытып, білімге деген құштарлықтарын арттыра түсетіндігі анық. 
   
Сембаева Гүлнар Мәлікқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының доценті, философия ғылымының кандидаты

Қазір оқып жатыр

Министр Ресейдің бензинге қатысты өтініші туралы мәлімдеме жасады

.

Нұрлан Сабуров Молдованың «қара тізіміне» енгізілді

Нұрлан Сабуров

Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы уақытша тоқтатылды: қор жеткілікті ме?

Атырау МӨЗ

ҚФФ президенті ата-анасының бизнесіне қатысы жоқ екенін айтты

.