16 Қаңтар 13:58
...

Билеттерге қатысты дау: Питер Фостердің әйелі мәлімдеме жасады

instagram.com/tatyana.foster
Фото: instagram.com/tatyana.foster

Татьяна Фостер әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазба жариялап, «әуекомпания басшысының әйелі екенін пайдаланып, туыстарына арзан билеттер алып берді» деп кінәлағандарға жауап берді.

Астана, NEGE. Бұған дейін FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов Air Astana өзінің топ-менеджерлеріне әуе билеттерін жеңілдікпен сатқанын мәлімдеген еді. Абулханов Air Astana компаниясында 2011–2015 және 2019–2024 жылдары жұмыс істеген.

Жеңілдікпен берілген билеттерді алушылардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостердің де есімі аталған.

Татьяна Фостер бұл жайтты «отбасына қатысты тараған жалған ақпарат» деп атады.

«Фактілер тілімен сөйлеп, тек соттың шешіміне сүйену үшін құқықтық баға берілуін күтіп, әдейі жария пікірталастардан бас тарттым», – деп түсіндіреді ол бұған дейінгі үнсіздігін.

Осыдан кейін ол «Ғаламторда жария болған Ренат Абулханов ісінің мән-жайға сәйкес келмейтін түсініктемелері расталған жоқ» делінген Air Astana-ның баспасөз-хабарламасынан үзінді келтірген.

«Мұндай жағдайларда мүдделі тарап компанияға, оның қызметкерлеріне және үшінші тұлғаларға қатысты жалған айыптауларды қолданып, өз ұстанымын барлық мүмкін тәсілмен қорғауға тырысатыны анық. Алайда соттың істі қарауы, сондай-ақ ішкі және тәуелсіз аудиттердің нәтижелері мүлде басқа жайтты көрсетті.

Дәл компанияның ішкі аудиті анықталған әрекеттердің сипаты мен ауқымына қатысты елеулі сұрақтар туындатқан қаржылық заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл деректер кейіннен тәуелсіз аудитор тарапынан расталып, құқықтық баға беру мен сотта қараудың нысанына айналды», – дейді Татьяна Фостер.

Алайда ол «әуекомпания басшысының жұбайы мәртебесін пайдаланып, жеңілдетілген билеттерге қол жеткізді» деген сыңайдағы қоғамда қызу талқыланған негізгі айыптауларға пікір білдірмеген.

Айта кетейік, 15 қаңтарда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлері – Ренат Абулханов, Дәуір Еркенұлы және Еркін Исановқа үкім шығарды. Іс сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты иемдену және талан-таражға салу бабымен қаралды.

Ренат Абулханов пен Еркін Исановқа мүлкін тәркілей отырып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Дәуір Еркенұлы сот үкімімен 9 жылға сотталды.