USD
USD
USD

«Биле!»

ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқапов Республика сарайында жеке шығармашылық ән кешін өткізді. Кезекті концертке әнші тыңғылықты дайындалған. Сарайға жиналған өнер сүйер қауымның қарасы қалың. Айта кетейік, билеттер уақытынан бұрын сатылып кетіпті.

«Биле!»
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. «Бүгін мен үшін ерекше күн. Неге десеңіз, бұрын-соңды Алматыда жеке ән кешімді өткізген емеспін. 1 жыл бұрын, желтоқсан айында ең алғашқы концертімді өткіздім. Енді туған қалам Алматыда жаңа бағдарламаны сүйікті тыңдармандарыма ұсындым. Осылайша, тағы бір мақсатыма қадам бастым, арманымды орындадым. Сарайға келген әрбір көрерменді яғни қала тұрғындары мен қонақтарды таңғалдыру, олардың көңілінен шығып, жақсы әсер қалдыру - біздің басты мақсаттарымыздың бірі болды. Көптеген тосын сыйларды ойластырдым. Қалай қабылдар екен деген сұрақ үнемі көкейде жүрді. Әрине, бұл өнер адамы үшін қалыпты жағдай. Концерттің алдында уайымдайсың.  Бұл жай ғана концерт емес, үлкен шоу десем болады. Локация жағын көп ойландық. Түрлі түсті лазерлі жарықтар, техникалық жабдықтау бойынша бұған дейін болмаған дүниелерді қолдандық», – дейді Әли Оқапов.

«Биле» деп айдар таққан кеште  эстрадамызға танымал өнер иелері келді. ҚР Халық әртісі Нағима Есқалиева кеш иесіне оң бағасын беріп, жүрекжарды лебізін арнаса, Роза Рымбаева ұлына ризашылығын білдірді. Диас Абылаев, Сырымтай Еңсепов сынды жұлдызды қонақтар репертуарындағы таңдаулы әнін шырқап, қошеметке ие болды. Ал көрермендердің алғысы мен батасын алған Әли Оқапов Батырхан Шүкеновтің құрметіне ән арнап,  жүректерді тербеді.  Туған қаласында тұңғыш рет жеке кешін өткізген әнші шара алдында толқығанын жасырмады.

«Үлкен сахнаны безендіру де оңай емес. Соңғы техникалық жабдықтаумен өңдедік. Бұл кештің бағдарламасын құрастырған кезде мен тек өз тыңдармандарыма ғана емес, ортақ музыка сүйер қауымға ыңғайластырып таңдадым. Әрбір әнді, әрбір қадамды, әрбір қойылымды талқылап шештік. Тосын сый ретіндегі жұлдызды дуэттер болды. Келген қонақтарға, тыңдармандарыма мың алғыс. Менің өнердегі ұстазым, аяулы анам Роза Рымбаева мен бауырым Мәди Рымбаевқа алғысым шексіз. Бұл адамдарсыз менің жеке кешімнің өтуі мүмкін емес. Жанкүйерлеріме, халқыма ризамын. Келесі концертте жүздескенше», – дейді Әли Оқапов.

2 сағатқа созылған кеште тек жанды дауыста әндер шырқалды. Алдағы уақытта Әли Оқапов ән сапарға аттанбақ ниетте.

Ұлжан Айнақұлова

Қазір оқып жатыр

Алматыда қолы қанға малынған ер адам сұлулық салонына кіріп, дүрбелең туғызды

Алматы

Президент үй жануарларын азаптағандарды қатаң жазалауды тапсырды

Ит

Бекіре тұқымдас балық пен уылдырық сатып алғандар жауапқа тартылады

Уылдырық

Петропавлда темекі тұқылынан көппәтерлі үй өртеніп, 100-ден астам адам эвакуацияланды

Өрт сөндірушілер