18 Желтоқсан 12:40
...

Бикен Римова театрына академиялық мәртебе салтанатты түрде берілді

Жұмабай Мұсабеков
Фото: Жұмабай Мұсабеков

Бүгін Жетісу облысында Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебесі берілуіне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, арнайы келген қонақтар – Қазақстанның халық әртістері Болат Әбділманов, Лидия Кәденова, Дулыға Ақмолда және басқа да елімізге белгілі өнер иелері, жергілікті театр ұжымы, зиялы қауым өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен театр маңдайшасындағы жаңартылған атау салтанатты түрде ашылды. Бұдан кейін шара театр ғимаратының ішінде жалғасып, қонақтар Бикен Римованың бюстіне гүл шоқтарын қойды.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл Талдықорған театры үшін айтулы жыл болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қыркүйек айында өнер ордасының 50 жылдық мерейтойы мен дәстүрлі «BIKEN FEST» халықаралық фестивалі қатар өткізілді. Сондай-ақ ол Жетісу өңірінің театр ұжымын осы қуанышымен құттықтады.

«Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысы Бикен Римова атындағы драма театрын академиялық мәртебе алуға лайық деп бағалаған еді. Соның нәтижесінде театр осы мәртебеге ие болып отыр. Бұл атақ бүгінгі өнерпаздардың ғана еңбегінің жемісі емес, осы сахнада маңдай терін төгіп, адал қызмет еткен алдыңғы буын аға-апаларымыз салған сара жолдың жалғасы деп білеміз. Сондай-ақ бұл белес Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының жаңа кезеңінің, шығармашылық өрлеуінің бастауы болады деп сенемін», – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Жұмабай Мұсабеков
Жұмабай Мұсабеков

Бұдан кейін Қазақстанның халық әртістері – Алмахан Кенжебекова, Болат Әбділманов, аталмыш театрдың директоры Ерлік Жуасбек әріптестеріне құттықтау тілектерін білдірді.

«Осы театрдың шымылдығын тұңғыш ашқан актрисаның бірімін. Алғаш «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Қозының шешесі Мақпалдың рөлін ойнадым. Содан бері елу жылдың қалай өтіп кеткенін білмей де қалдық. Әрине, атақ үшін еңбек еткен жоқпыз, бірақ төзімнің, шалқар шабыттың, табанды еңбектің арқасында осындай дәрежеге абыроймен жетіп отырмыз. Осы орайда президентімізге ризашылығымызды білдіреміз. Соңғы жылдардың бедерінде осы театрда қырық-елу жыл еңбек еткен азаматтарымыз атақ алып, еңбегінің жемісін көріп жатыр. Бұл театрдың көгеріп-көктеуіне үлес қосқан сол азаматтардың қай-қайсының да жолы – адал еңбектің, өнерге қызмет етудің қандай болатынын көрсететін өнегелі жол. Театрдың мәртебесі өсіп, өнеріміз жасай берсін», – деді Алмахан Кенжебекова.

Жұмабай Мұсабеков
Жұмабай Мұсабеков

«Әркімге өз туған жері – Бағдат шәрі» дейді. Сондықтан туған жердің қашанда жөні бөлек. Талдықорған театрының өнеріне осындай үлкен баға беріліп, абыройға бөленіп жатқанда қалай қуанбаймыз, жақсылықты бөлісуге арнайы келдім. Жетісуға әр келген сайын Талдықорғанның көркейіп, өсіп келе жатқанын, шаруа адамдарының қызу еңбегін көріп, өз басым қуанып қайтамын, өңірдің руханияты үшін де ризамыз. Театр – шын мәніндегі бекзат өнер. Қоғамды мейірімге, құрмет пен сыйластыққа тәрбелеуде сахнаның рөлі зор. Театрдың «академиялық» деген атты ардақтай білетін ұжымының алар асуы әлі де алда деп білемін», – деді Болат Әбділманов.

Өз кезегінде театр директоры Ерлік Жуасбек жетісулық өнер ұжымына көрсеткен қолдауы мен құрметі үшін мемлекет басшысына Бикен Римова атындағы театр қызметкерлері атынан алғыс білдірді.

Жұмабай Мұсабеков
Жұмабай Мұсабеков

Мерекелік шара соңында театр өнерпаздары Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын көрермен назарына ұсынды.

Айта кетейік, Талдықорған театры 1975 жылы құрылған, биыл оның 50 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы уақыт ішінде өнер ордасының репертуары 200-ден астам қойылыммен толықты. Қазақ және шетел классиктерінің туындылары көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

Еске сала кетсек, биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында мемлекет басшысы Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе беру туралы бастама көтерген еді. Соның негізінде осы жылдың 2 желтоқсанында Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды.