29 Наурыз 14:38

Биыл қанша шақырым жол жөнделеді?

Фото:

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасындағы ең басты бағыттардың бірі – инфрақұрылым, республикалық және жергілікті жолдар желісі мәселесі. Өйткені жолдардың сапасы жақсармай, қала, өңіраралық әлеуметтік-экономикалық байланыс пен ел азаматтарының қауіпсіздік мәселесі де тұралап қалмақ.

Астана, NEGE. Республикалық маңызы бар және жергілікті жолдар желісінің қазіргі жай-күйіне қатысты шолу жасап көріп едік. Баспасөз брифингінде министрліктің журналистерге берген мәліметтері осылай боп шықты.

96 мың шақырым автожолдың құрылымына кім жауапты?

Елімізде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы тоқсан алты мың шақырымды құрайды. Оның ішінде жиырма бес мыңы республикалық маңызы бар жолдар және жетпіс бір мыңы жергілікті облыстық, аудандық жолдар.

Республикалық жолдар Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің қарамағында.

Мемлекеттік тапсырма шеңберінде дамыту және күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарды ұлттық оператор Қазавтожол ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар, сондай-ақ көше жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарамағында.

фото: newsroom.kz

Былтыр қанша жолға жөндеу жұмыстары жасалды?

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Әуезханұлының айтуынша, өткен жылы республикалық желі бойынша, он бір мың алты жүз мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жасалыпты. Оның ішінде төрт мың шақырым құрылыс және реконструкциямен қамтылып, негізгі бөлігінің жөндеуі аяқталған. Күрделі және орташа жөндеумен үш мың шақырым жол қамтылып, оның алты жүз жетпіс тоғыз шақырымы аяқталған. Ал жергілікті автожолдар желісінде төрт мың алты жүз шақырым жол жөндеудің барлық түрінен өтіп, оның үш мың шақырымы пайдалануға беріліпті. Жыл қорытындысына үңілсек, нормативті жағдайдағы республикалық жолдардың желісі тоқсан бір пайыз, ал жергілікті желі бойынша сексен бес пайызға дейін ұлғайтылған.

Ал биылғы жөндеу қалай боп жатыр?

Осы жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстары пайдаланылымдағы он бір мың шақырым жолда жүргізіліп жатыр екен. Республикалық желі бойынша үш мың алты жүз шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары жалғастырылмақ. Соның сегіз жүз елу алты шақырымы аяқталады деп күтілуде. Ал күрделі және орташа жөндеу үш мың төрт жүз шақырымды қамтиды. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрімен төрт мың шақырым қамтылып, соның үш мың шақырымы аяқталады.

Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша тоқсан екі пайызға және жергілікті желі бойынша сексен жеті пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

Демек, 2025 жылға дейін 100 пайызы жөнделетін жолдың министрлік берген ақпарат бойынша биыл 92 пайызы қамтылып болмақ.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында жүзеге асуы тиіс басты бағыттардың бірі жол екенін жоғарыда атап өттік. Жергілікті автожолдарды жөндеу арқылы өңіраралық, аймақаралық мәселелердің межеге тез жетуін қамтамасыз ете аламыз. Ал республикалық маңызы бар жолдар желісінің жаңаруы көлік пен транзитке тәуелді мемлекеттік ауқымды шаруалардың шапшаң шешілуіне негіз бола алады. Одан бөлек, салынған жаңа жолдардың сапалы болуы да үлкен мәселе.

 

Тегтер: