Биыл бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түсті
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.
Алматы, NEGE. Мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 95,5%-ға атқарылды. Республикалық бюджетке кірістер 3 трлн 853 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 85,8%-ға атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады, оның ішінде салықтар – 791 млрд теңгеге. Бұл ретте, салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі болды.
"Корпоративтік табыс салығының атқарылмауына мынадай факторлар әсер етті: негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 13,3%-ға құлдырауы; ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында жылдың басымен салыстырғанда әрекетсіз салық төлеушілер санының 10,6 мыңға, оның ішінде заңды тұлғалар санының 5,5 мың салық төлеушіге ұлғаюы; 850 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 243,5 млрд теңгеге төмендеуі; екінші деңгейлі банктерден түсетін түсімдердің 10,2 млрд теңгеге азаюы", – деп түсіндірді Е.Жамаубаев.