24 Шілде 11:29
...

Биыл елімізде ЖОО-ға түсу үшін 93 мың грант бөлінеді

Білім гранты
Фото: NEGE

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының республикадағы білім беру саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Алматы, NEGE. Вице-премьер жыл басынан бері еліміз бойынша 13 мың орындық 172 балабақша ашылғанын хабарлады. Соның нәтижесінде балабақшағы кезек азайып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақ ішеді. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтардан 99 мың бала бар. Оларды қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді.

Тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді: көкөністер көп, қант аз, зиянды тағамдар алынып тасталды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 6,8 млн балаға ақшалай қаражат аударылды. Олар оны болашақта білім мен тұрғын үйге пайдалана алады. Мектептердің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда 388 мың орындық 274 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында - 115 мектеп бар. Тағы 177 мектептің құрылысы жүруде.

«Президенттің нұсқауына сәйкес 245 мектепті кешенді жаңарту жүргізілуде. Бұл жалпы білім беретін мектептердің стандарттарын жайлы мектептерге жақындатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 95 мыңнан астам оқушының оқу жағдайы жақсаруда», – деді Ермек Көшербаев. 

Студенттік стипендиялар мен колледждерді қаржыландыру екі есе өсті. Биыл ЖОО-ға түсу үшін магистратура мен докторантураны қоса алғанда 93 мың грант бөлінеді. Жетекші шетелдік университеттердің 24 филиалы ашылды.

Жаңа жатақханалардың іске қосылуының нәтижесінде орын тапшылығы 72%-ға қысқарды. Нәтижесінде қазіргі уақытта бұл мәселе шешіліп келеді. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.