11 Желтоқсан 18:00
...

Биыл BI-леуге де болады. Рахымбаевтың сол алақаны НЕГЕ қышуда?

BI
Фото: Фото: Nege.kz

Олигарх Айдын Рахымбаев бастаған BI Group акционерлері 2024 жылдың таза кірісінен өздеріне тағы қосымша 5,5 миллиард теңге дивиденд аударды. Тиісті шешім «BI Development Ltd.» жекеменшік компаниясының кеше өткен акционерлер жиналысында қабылданған.

«BI Development» компаниясы 2024 жылы 76 миллиард теңге таза пайда тапқан болатын. Биылғы жылдың бірінші жартысында Айдын Рахымбаев бастаған акционерлер оның 51 миллиард теңгесін компанияда қалдырып, дивиденд ретінде өздеріне 25 миллиард теңге алған еді. Енді өздеріне алатын дивидендті 37,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайтып отыр. Сонда компанияда баяғыдай 51 миллиард теңге емес, 38,1 миллиард теңге қалады.

BI
Фото: kase.kz

Акционерлердің өздеріне дивидендті көбейтудің бір себебі бар. Айдын Рахымбаев BI Group-тың қаржылық жағдайы жақсы боларына көзін жеткізіп барып қана осындай шешім қабылдағанын байқадық. Биылғы жылдың 9 айы бойынша қаржылық нәтижелер шықты. Үш тоқсанның ішінде «BI Development» жекеменшік компаниясының капиталы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57 миллиард теңгеге өсіп, 206 миллиард теңгеге жеткен.

2025 жылдың 9 айы бойынша BI Group-тың таза кірісі екі есеге өсіп, қазір 82 миллиард теңгеге жетіп отыр. Біздің есебімізше Айдын Рахымбаевтың холдингі биылғы таза кірісін 110 миллиард теңге деңгейіне жеткізуі тиіс.

BI
Фото: Nege.kz

Биыл былтырғы табыстың 38 миллиард теңгесін компания балансында қалдырғандықтан, келесі жылы биылғы мол табыстың басым бөлігін дивиденд ретінде алуға жол ашылады. Сонда келесі жылы Айдын Рахымбаевтың кем дегенде 50 миллиард теңге дивиденд санап алуға мүмкіндігі бар.

2025 жылдың 11 айында Қазақстандағы бастапқы тұрғын үйдің шаршы метрі кемінде 15 пайызға қымбаттады. BI Group пәтерлерінің бағасы да ай санап өсіп келеді. Мысалы, 2024 жылы BI Group нарықта сатқан үйлердің орташа бағасы шаршы метріне 549,3 мың теңге болды. Ал әр шаршы метрдің өзіндік құны 404 мың теңгеге бағаланған.

BI
Фото: krisha.kz

Бұл сандарды сараласақ, «BI Group» холдингінің былтыр бір шаршы метрден 145 000 теңге кіріс алғанын байқауға болады. 2024 жылы Bi Group 1 052 000 шаршы метр баспана сатты. Холдинг өзі сататын шаршы метрді де, одан түсетін таза табысты да жыл сайын көбейтіп келеді.

Нарықты тағы бір сұрақ қызықтырып отыр. Қазір Айдын Рахымбаевтың бәсекелесі, Qazaq Stroy қожайыны Нұрлан Артықбаев құрылысқа қоса, шикізат сынды басқа да салаларды игере бастады. Түсіп жатқан табыс Айдын Рахымбаевқа қосымша бағыттарды игеріп көруге мүмкіндік беріп отыр. Ол қандай шешім қабылдайды?